Елорда тұрғындары Наурыз мерекесінен пайда таба бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Наурыз мерекесіне орай әлеуметтік желілерде «тапсырыспен Наурыз көже дайындаймын» деген сипаттағы жарнамалар көбейді.  Кейбір кәсіпкерлер 5 литрден көп көже сатып алғандарға сыйлыққа 2 келі бауырсақ берілетінін жазған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ЕлордаИнфо сайтына сілтеме жасап.

Мәселен, Olx.kz сайтында жарнама берген сатушы  5 литр наурыз көже сатып алған адамға 2 келі бауырсақтың сыйлыққа берілетінін жазған. Белгілі болғандай, наурыз көже қала шетіндегі дәмхананың бірінде дайындалады. Жүгері, бұршақ, бидай, ет, су, тұз және құрт қосылған көжені кәсіпкер бір литрін 1 мың теңгеге бағалап отыр.

Тағы бір желі қолданушысы 10 литрден көп алған адамға көжені 800 теңгеден беретінін жазған. Әрі тапсырыс үш литрден жоғары болса жеткізу тегін екенін көрсеткен.

Келесі жарнаманың авторы көженің бір литрі 1500 теңге тұратынын жазған. Қоңырау шалған кезде «Біздің көжемізге Астанадағы бірқатар елшіліктер тапсырыс берді. Дәмді екен деп, бәрі мақтады», деп мақтанып алды. Бұл кәсіпкердің ұсынған бар жеңілдігі - 10 литрден артық алғанға тегін жеткізу қызметі.

Наурыз мерекесі  Event агенттіктердің табыс табуына да жақсы мүмкіндік болды. Себебі, әлеуметтік желілерде мерекеге арналған ұжымдық кештерде пайдалану үшін ұлттық киімдер мен қажетті тұрмыстық заттарды жалға беру мен сату туралы жарнама жеткілікті. Мәселен, ұлттық киімдер, көрпе-жастық пен найза, ер-тұрманды жалға беудің ең төменгі бағасы 3 мың теңгеден басталады. Ертегі мен аңыз кейіпкерлерінің костюмдері де бар.

Ұлттық стильдегі кәдесыйлар да сұранысқа ие заттардың қатарында. Мәселен, кішкентай киіз үйлер 1 мың теңге, ағаштан жасалған бұйымдар 8 мың теңгеден басталады. Ағаштан ою салынып жасалған су жаңа қазақы жер үстелдің бағасы - 30 мың теңге. Базардағы сатушылармен саудаласса бес мың теңгеге арзан алуға болады.

Наурызға арналған дайын сыйлықтардың қатарында тәттілер салынған кәрзеңке көш бастап тұр. 1800 теңгеге өрік-мейіз, құрт, кептірілген жемістердің түр-түрін таңдап алуға болады.

Ұлттық музыкалық аспаптарда ойнайтын өнерпаздар да Наурыз мерекесінен нәпақа табу мүмкіндігін қалт жібермеген сыңайлы. Әлеуметтік желіде «тек қана ұлттық өнерді насихаттаймыз, қазақша әндер орындаймыз» деген сыңайдағы музыкалық аспаптардан құралған топтардың жарнамасы өріп жүр.

 

Соңғы жаңалықтар