Елорда ауасын ластаушылар анықталды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың ауасын негізінен көлік құралдары ластайды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясында елорда әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауа атмосферасын негізгі ластаушылардың үлесі мынадай: 53 пайызы автокөліктерге, 25 пайызы ЖЭС-ке, 17 пайызы стационарлық жылу көздеріне, 5 пайызы ұйымдастырылмаған жылу көздеріне тиесілі», - деп атап өтті ол.

Елорда әкімі орынбасарының айтуына қарағанда, ауа ластануын тежеу мақсатында коммуналдық кәсіпорындардың 854 көлік құралы газға көшірілген. Жеке және заңды тұлғалардың көліктеріне газ балоны құрылғысын орнатуына 14 мыңнан астам келісім берілген. Сонымен қатар қала әкімдігі таксилерді газға көшіру туралы арнайы меморандумға да қол қойған. Жалпы бүгінде елордада 158 экотакси  қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді.

«Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысында Астананың ластану индексі 4,91 бірлікті құрады. Бұл ластанудың төменгі деңгейімен сай келеді. Сондай-ақ судың ластануын да 2,27 бірлікке дейін төмендете алдық. Қоршаған ортаны қорғау шығындары 45 пайызға артты», - деді Қосман Айтмұхамбетов.

Сонымен қатар ол ағымдағы жылы елорданың жолдарын салу бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

«2017 жылы ұзындығы 23,4 шақырымды құрайтын 11 көше салынып, 64 шақырымдық 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй алаптарының 55 көшесіне жол төселді. Ұлы дала елі көшесі бойында 2 автомобиль көпірінің құрылысы басталды. Тағы 17 көше құрылысы жүргізілуде»,-  деді ол.

Соңғы жаңалықтар