Елорда әкімі «Есіл» ауданы тұрғындарының шағымына байланысты бірқатар тапсырмалар берді

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев «Есіл» ауданындағы бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бірінші кезекте ол ат басын «Пригородный» тұрғын үй алабына тіреген болатын. Тұрғын үй алабының тұрғындары әкімге мектеп, емхана сияқты әлеуметтік нысандардың, саябақтар мен гүл бақтары сияқты демалыс орындарының, тұрақтардағы орындар мен бағдаршамдардың жеткіліксіз екенін айтты. Осы мәселелердің тез арада шешімін табуы үшін Әсет Исекешев Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, сәулет және қала құрылысы және жолаушылар көлігі басқармаларына, «Астана ӘКК» АҚ-на бұрылу алаңы кеңейтілген гүл бағы құрылысының егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді жүктеді.

Емханаға қатысты мәселе жөнінде айтар болсақ, 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін мұнда отбасылық-дәрігерлік амбулатория өз есігін ашуы керек еді. Осының нәтижесінде тар шеңберлі мамандық иелері жұмыспен қамтылуы тиіс болатын.

Бұдан бөлек, биыл №24 мектептің жапсарлас ғимаратының құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қала әкімі тұрғын үй алабындағы үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарын белсендендіруді тапсырды.

Бұдан кейін Астана әкімі Үркер тұрғын үй алабының тұрғындарымен кездесті. Мұнда жолдар мен инженерлік желілердің құрылысын аяқтауға қатысты сұрақтар көтерілді. Осы ретте Әсет Исекешев мектеп жанындағы көшелерді жарықтандыру, жылы аялдамаларды орнату, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жайландыру жұмыстарын жеделдетіп, 2, 3, 4 кезектер бойынша шараларды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар тұрғындар елді мекенде «Сергек» бейнебақылау жүйесі камераларының орнатылуын, жастарға арналған аула клубтарының құрылуын, медицина және білім беру саласында жұмыс істейтін мамандар үшін жатақхананың бой көтеруін сұрады.  Әсет Исекешев жауапты тұлғаларға осы мәселелерді шешуді жүктеді. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда тұрғын үй алабында спорттық сауықтыру кешенін тұрғызу жөніндегі жоспардың әзірленіп жатқандығын жеткізді.

Әкім бұдан кейін Жағалау шағын ауданында болып қайтты. Шағын ауданның тұрғындары қала басшысына өздерін медициналық орталықтың жеткіліксіздігін, көлік тұрақтарындағы орындарды жайластыруға қатысты сұрақтардың мазалайтындығын айтты. Келесі аптада шағын ауданда медициналық кабинет ашылатындықтан, медициналық қызметтерге қатысты мәселе өз шешімін алдағы бірнеше күнде табады.

Ал медициналық орталық шағын ауданда осы жылдың шілде айында бой көтереді деп күтілуде. Аталмыш аумақта халықтың тығыз орналасқандығын ескерген Әсет Исекешев үйлердің аулаларын тұрақтармен жайластыруды тапсырды.

«Есіл» ауданының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарын аралау барысында әкім жүктеген тапсырмалардың барлығы елорда тұрғындары мен қонақтарын жайлылықпен, қауіпсіздікпен қамту, сондай-ақ, Астананың сыртқы келбетін көріктендіру мақсатында берілді.

Соңғы жаңалықтар