Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі: Біз Олимпиададан бас тартқымыз келген

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан XXІІІ қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева сайысқа шығып, қысқа бағдарламада 15-орын алған болатын. ҚазАқпарат тілшісі жарыстан кейін қызына қолдау көрсетуге келген Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаевқа арнайы жолығып, әңгімеге тартқан еді.

- Байтақ Әбілханұлы, қызыңыздың Олимпиададағы көрсеткішіне көңіліңіз толды ма?

- Анасы екеуміз қызымыздың ең жақын жанкүйеріміз. Сондай-ақ, жарыста жанынан бірінші болып табылатын бірден-бір қолдаушысы болғандықтан бұл сұрақ бізге қиындау тиеді. Дегенмен, біз Элизабеттен бұдан да жоғары балл алады деп үміттендік. Алайда, төрешілер қауымы бар болғаны  57.95 ұпай берді. Ең бастысы, келесі кезеңге, яғни еркін бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды.

- Төрешілердің берген бағасына ренжулі тәріздісіз?

- Жоқ, олай емес, төрешілерге кінә тағудан аулақпын. Қызым бар мүмкіндігін көрсете алмады. Негізі, жоспарымыз бойынша үздік бестікке кіруі керек еді.

- Оған не себеп болды деп есептейсіз?

null  

- Бәрі алған жарақатына байланысты. Осыдан бір ай бұрын аяғынан жарақат алған болатын. Біз Олимпиада ойындары жақындаған сайын жаттығудан гөрі дәрігерге барғанымыз көбейіп кетті. Бәрібір жарақатынан толық айыға алмаған спортшы жарыс кезінде бар мүмкіндігін көрсете алмайды екен. Біз бүгін осыны түсіндік.

Элизабет Олимпиада алдында жарақат алғаннан кейін, өз-өзіне келе алмай біраз уақытын жоғалтып алды. Сосын, біз анасы, қызым үшеуіміз ақылдаса келе Олимпиада ойындарына екі апта уақыт қалғанда жарыстан бас тарту қажет деп шештік. Сол кезде қызым «не болса да бағымды сынап көрейін. Жолдаманы тегіннен тегін ұтып алған жоқпын ғой. Жүлдеге таласа алмасам да, тәжірибе алып қайтамын», деді. Сосын біз де шешімімізді өзгерттік.

- Мүмкін, Элизабеттің бірінші Олимпиадасы болғандықтан қобалжу да болған шығар...

null 

- Ондай қатты қобалжу болды деп есептемеймін. Анасы екеуміз қасындамыз. Күнде бірге оны жігерлендіріп, шабыттандырып қоямыз. Өзі де өте жақсы көңіл-күйде болды. Бірақ, жаңағы секіретін жерінде, бір аяқпен тұрып айналатын кезінде жарақатына байланысты жаттығуды толық аяқтай алмады. Не істейміз, бәрі Алланың бұйрығымен болады. Бірақ, Алла бәрін бере салады деп жатудан да аулақпыз. Осыған дейін қаншама еңбектендік, тер төктік. Олимпиада ойындарында жүлде алу былай тұрсын, жолдамаға қол жеткізудің өзі қаншалықты қиын екенін сіздер де жақсы білетін шығарсыздар. Міне, өздеріңіз көріп отырсыздар, Элизабет мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет әйелдер арасында қазақ еліне екі жолдама алып берді. Бұның өзі үлкен еңбек деп есептеймін. Бүгін әлем жұрты Қазақстанда да мәнерлеп сырғанайтын қазақ қыздары бар екенін көріп, біліп жатыр. Мен жалпы қызымды мақтан тұтамын, мақтанамын. Бұл жолы Олимпиадада жүлде алмаса да үлкен тәжірибе жинап қайтамыз.

- Алда еркін бағдарлама бар. Өз жоспарларыңыз бойынша, қоссайыс қорытындысында нешінші орыннан көрінуді межелеп отырсыздар?

- Біздің мақсатымыз - қоссайыс қорытындысы бойынша алғашқы ондыққа кіру. Әлі оған дейін екі күн бар. Дайындығымызды ары қарай пысықтайтын боламыз.

- Элизабеттің бапкерлері туралы пікіріңізді білдіре кетсеңіз?

- Қызымның бапкері Брайан Орсер деген әлемге танымал азамат. Өзі де кезінде спортшы болған. Осыған дейін талай чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Ол азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Алдағы уақытта әлі де бірлесе жұмыс жасайтын боламыз.

null 

- Енді Олимпиада ойындарынан кейін Элизабеттің қандай жоспарлары бар?

- Олимпиада ойындарынан кейін Элизабеттің спорттағы жарыстары аяқталмайды. Алда бағындыратын биіктер өте көп. Осы төртжылдық дода аяқтала салысымен қызым шешесімен бірге Канадаға кетеді. Ол жақта бір жағынан ем алса, екіншіден, қайта жаттығуға кіріседі. Ал мен Алматыға қайтамын.

- Енді, әңгімені өткен күндерге қарай бұрып, қызыңыздың бұл спортқа қалай келгенін, не түрткі болғаны жайында айтып берсеңіз...

- Менің үш балам бар. Элизабет - кенжесі. Кішкентай кезінде денсаулығы нашар болды. Өте көп ауыра беретін. Алдында Арман, Тимур деген екі ағасы бар. Ең әуелі спорттың бұл түрімен екінші ағасы Тимур айналысты. Біз ол кезде Ресейде тұратынбыз. Элизабет сол Ресейде дүниеге келді. Тимур көптеген жарыстарға қатысып, жүлде алып жүрді. Біраз биіктерді бағындырды. Сосын, Элизабетті де ағасының қасында жүрсін, бір жағынан спортпен айналысса, денсаулығына пайдасы тиер деген мақсатпен спорттың осы түріне алып бардық.

- Ол кезде қызыңызды осындай төрткіл дүние көз тігетін төртжылдық додада қазақ елінің намысын қорғайды деген ой болмаған да шығар?

- Жасыратыны жоқ, ондай ой болған жоқ. Сол кездегі анасы екеуміздің басты мақсатымыз қызымыздың денсаулығын уақытша спортқа беру арқылы қалпына келтіру болатын. Ары қарай спортты жалғастырады деген ой да болған жоқ.

null 

- Спортқа неше жасынан бастап барды?

- Бес жасынан. Қызым мұз айдында алғаш сырғанап үйренуді Ресейде бастады. Кейін, өзінің де қызығушылығы артып, бос уақыты болса, мұз айдынға барып жаттығу жасайтын болды. Сосын, біз арнайы жас жеткіншектерді тәрбиелейтін үйірмелерге жаздырып, тәрбиешілерге тапсырдық. Элизабетті алдымен ағасы жаттығатын үйірмеге алып бардым. Олар қабылдамады. Сосын, қызымды екі-үш айға айран-сүт ішіп, кішкене қуаттанып келсін деп ауылға ата-әжелерінің қолына жібердім. Келген соң тағы бір үйірмеге алып бардым. Олар да алғашында ауылдан келген ештеңе білмейтін бала деп алмай қойды. Сонда да қайта-қайта барып жүріп, ақыры кіргіздім. Олар «үш ай сынап көреміз, осы уақытта еш нәтиже болмаса бізге ренжімейсіз», деді. Бірден келістім. Үш ай өтті. Қызым ұстаздарының көңілінен шығып, ары қарай сонда қалды. Тіпті, сол үйірмедегі ең үздік балалардың бірі атанды. Ресейдің ішкі біріншіліктерінде қарсылас шақ келтірмей, биіктерден көріне бастады.

- Ал, елге қашан келдіңіздер?

- Мен өзім Қызылорда облысының тумасымын. Белгілі бір себептерге байланысты 1992 жылы Мәскеуге көшіп бардық. Сосын, 2013 жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей шақыруымен ата-жұртымызға қайта көшіп келдік. Осы жылдан бастап қызым қазақ елінің атынан сынға түсе бастады. Міне, содан бері әр жарыстарда өз елінің туын жамылып, намысын қорғап, биік белестерге қол жеткізіп, еліміздің мәртебесін көтеріп жатыр.

- Қазір Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға қаншалықты көңіл бөлінген?

null 

- Соңғы жылдары жақсы назар аударылып жатыр. Қызылорда облысының әкімдігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, сондай-ақ, Ұлттық Олимпиада комитетіне алғысымыз шексіз. Жыл сайын шетелде өтетін барлық жарыстардан қалдырмай, жіберіп жатыр. Не керек, барлық жағдайды жасап жатыр. Жалпы Қазақстанда болашақта қысқы спорттың болашағы жарқын болады деген сенімдемін.

null 

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар