Елімізге ақпараттық қауіпсіздік саласында 32 мың маман қажет - Бейбіт Атамқұлов
«Кадрлар дайындығына тоқталсақ, 2017 жыл бойынша меморгандарда ақпараттық қауіпсіздік мамандарына қажеттілік тұрғысында талдау жасадық. Орталық меморгандар мен жергілікті атқарушы органдарға қажеттілік 1 521 адамды құрады, яғни бұлар бізге керек болып тұрған мамандар. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор мен нарық бойынша да талдау жүргіздік. Еліміз аумағындағы жалпы қажеттілік шамамен 32 мың маманды қамтыды», - деді министр.
Белгілі болғандай, қазіргі кезде ақпараттық қауіпсіздік жүйесі бойынша мамандарды елдегі 7 ЖОО дайындап келеді. Олардың барлығы ірі оқу орындары. Аталған ЖОО-ларда бүгінде 543 маман дайындалуда.
«Бізде гранттар бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда Білім және ғылым министрлігімен тығыз ынтымақтасудың арқасында, біздің бастамамен БҒМ гранттар санын 160-қа дейін арттырды», - деді Атамқұлов.
Сонымен қатар ол 2018 жылдан бастап 2021 жылдар аралығында аталған гранттар бағытында 500 адамды даярланатынын жеткізді.
«Ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау бойынша стандарттар ревизиясын жүргіздік. Бізге ақпараттық қауіпсіздігі технигі секілді мамандар қажет. Олар колледждерде оқытылады. Мұнымен қоса, бұл мәселені «Болашақ» бағдарламасымен пысықтадық, яғни шетелде тағылымдама үшін киберқауіпсіздік бойынша мамандану енгізілді», - деді министр.