Еліміздің оңтүстігінен 12 отбасы Павлодар облысына қоныс аударды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша 12 отбасы Павлодар облысына көшіп келген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Бұл туралы Достық үйінде өткен облыстық қоғамдық кеңес отырысы кезінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов мәлім етті. 

«Біздің облысқа жұмыс істеу мақсатында қоныс аударуға ниет білдірген оралмандарға 100 отбасы (500 адам) және өзге облыстардан келушілерге 50 отбасы (250 адам) көлемінде квота берілген, - дейді Балтабай Қаппасов. - Осы күнге дейін Павлодар облысына Оңтүстік Қазақстаннан 12 отбасы және 15 оралман отбасы қоныс аударды».

Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде түрлі мамандық саласында 35 00 бос жұмыс орын бар. Оның 1 055-і - ауылдық жерлерде. Дегенмен аймақта 20 мың адам жұмыссыздар ретінде тізімге алынған. Бұл үш жылдан бері тұрақты сақталып келе жатқан көрсеткіш. Жалпы, 31 кәсіп түрі бойынша мамандар тапшы.

Еске сала кетейік, жуырда Шымкент қаласында өткен бизнес форум нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 110 адам Павлодар облысының 10 ауданына қоныс аударуға ниет білдірген.

Соңғы жаңалықтар