Еліміздің Бас Мүфтиі су тасқыны кезінде баспанасы қираған ақтөбелікке пәтер сыйлады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Ерлан қажы Малғажыұлы су тасқыны кезінде баспанасынан айырылған Сағыныш Тобажановаға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі тасқын кезінде 800-ден астам үйді су басып, 86 үй қирап қалған болатын. Баспанасы құлаған 65 адамға жер телімі беріліп, құрылыс жұмыстары үшін әрқайсысына 1 миллион теңге бөлінді. Кейін «Нектар» құрылыс компаниясы өзінің екі жұмысшысына пәтер сыйлады. Ал бүгін Ақтөбеге келген Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Бас мүфтиі Ерлан Малғажыұлы Маңғыстау, Оңтүстік, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Қостанай және Ақтөбедегі облыстық мешіттер қаржы жинап, сатып алған 2 бөлмелі пәтердің кілтін ІІ топ мүгедегі Сағыныш Тобажановаға табыс етті.
null 

«Су апаты - табиғи апат. Сондай қиын кезде еліміздің жеті облысындағы жамағат өз көмегін беруге ұсыныс айтты. Мешіт жамағаттары қаржы жинап, жақсы іс атқарды. Тыныштық, береке берсін! Біз егемендігіміздің, Елбасының салиқалы саясатының арқасында бақытты кезеңге жеттік. Қадірін білу керек. Ең қастерлісі - тәуелсіздігіміз. Қалай бағалаймыз десек, бірлігімізбен, тыныштығымызбен деп айтар едім», - деді Ерлан Малғажыұлы.

«Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы 2 бөлмелі пәтерде Сағыныш Тобажанова анасымен, екі інісімен бірге тұрады. Олар бұған дейін Махамбетовка ауылында тұрған. Су тасқыны кезінде үш бөлмелі баспанасы қирап, шатыры ортасына түскен. Олар бұған дейін пәтердің, жердің кезегіне тұрып, мемлекеттен көмек сұрамаған екен. 

«Барлығына алғыс айтамыз. Суға кеткен күннен бастап бізге көмектесіп, жағдайымызды біліп тұрды. Адам екі жағдайда көзіне жас алады. Бірі қайғыда, екіншісі қуанышта. Бүгін мен қуаныштан жылап отырмын», - деді Сағыныш Тобажанованың анасы Бағила Сәрсенғалиева.

Айта кетейік, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы асары» қоры пәтерді 7,5 миллион теңгеге сатып алды. Пәтер жиһазбен, тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілген. Азық-түлік те жеткізілді. 
null

Соңғы жаңалықтар