Елімізден Қытайға мия тамырын тасымалдау тоқтай ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы оңтүстік өңірлерден мия тамыры Қытайға қадағалаусыз тасымалданып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Қазір мамандарымыз елмізде жалпы 1,5 мыңға тарта дәрілік өсімдіктердің түрлері өсетіндігін, олардың тек 40-қа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдалану қоры бар екенін айтып отыр. Өкінішке қарай, оңтүстік өңірлерде ғана өсетін емдік дәрі-дәрмек жасауда таптырмас бағалы мия тамырын жинау тоқтамай тұр. Тек Қызылорда облысы бойынша екі жылдың ішінде 1 800 тонна қызыл мия тамыры Қытайға жөнелтілсе, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан соңғы төрт жыл ішінде 63 000 тонна мия тамыры жиналып, өзге елдерге жіберілген. Соның нәтижесінде мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде»,-деп тоқталды Бақтиярұлы ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің мамандары дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіретін және оны терең өңдейтін технологияларды пайдалануды жолға қойса, ел экономикасына жүз миллиондаған табыс әкелуге болатынын айтуда.

«Мысалы, көрші Өзбекстанда мия тамырын қолдан өсіріп, терең өңдейтін Жапония, Қытай, АҚШ инвестициялары салынған 20 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар мия экспортының 70 пайыздан астамын терең өңдеп сатуда»,-деді сенатор.

Осы орайда ол өсімдік әлемін қорғау туралы арнайы заң жоқ екенін айта келе, сондықтан қысқа мерзімде бұл салада тиісті заң қабылдау керектігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар