Еліміздегі сапасыз май өнімдерінің басым бөлігі ресейлік тауарлар - Нұрқан Сәдуақасов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қазақстанда сатылатын 100-ден астам май өнімдерінің құрамы талапқа сай емес деп танылды. Соның басым бөлігі - ресейлік тауарлар. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, өткен жылы біз май өнімдерінің (өсімдік майы, сары май, маргарин, майонез және тағы басқа - авт.) құрамын тексеріп шықтық. Соның қорытындысы бойынша 117 сынаманың нәтижесі талапқа сай болмай шықты. Ішінде қазақстандық өнімдер де бар. Дегенмен, басым бөлігі, яғни 64 пайызы Ресей Федерациясына тиесілі. 24 пайызы біздікі және 15 пайызы Қырғызстан, Беларусь, Украина мен Францияның үлесінде», - деді Сәдуақасов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдері бойынша 40 мыңнан астам сынама алынды. Соның 14,4 пайызы теxникалық талаптарға сай емес деп танылды. Ондай тауарды шығаратындар көп жағдайда өнім қаптамасындағы ақпаратты дұрыс көрсетпейді. Сондай-ақ тексерілген тауарларда ішек таяқшасы сияқты бактериялар табылған.

«Былтыр осы іспетті тауардың 25,5 тоннасы тәркіленді. Жауапты азаматтар әкімшілік жазаға тартылды. Ондай кәсіпкерлерге барлығы 87,9 миллион теңге көлемінде айыппұлдар салынып, 35 нысанның жұмысы тоқтатылды», - деп атап көрсетті комитет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Қарағанды қаласының азаматтық кеңес төрағасы Ермек Әбілдин елімізде саудаланып келген бірқатар сапасыз май өнімдерін жария етті. 

Соңғы жаңалықтар