Еліміздегі өзен суын тиімді пайдаланбай отырмыз - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жерүсті су ресурстарының қысқаруы үрдісі байқалуда. Бұл туралы Мәжілісте трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан Еуразия континентіндегі су ресурстарынан айтарлықтай тапшылық көріп отырған мемлекеттердің бірі. Республиканың жерүсті суларының жартысы шекаралас елдердің аумағынан келеді. Соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстанның жерүсті су ресурстарының қысқаруы үрдісі байқалуда. Қазақстан мен Қытайдың аумағынан 24 трансшекаралық өзендер ағып өтеді. Қытай жағы өзінің аумағында жаңа су қоймаларын салып, суды өз жерінде пайдалану жолдарын біздің елмен есептеспей пайдаланудың салдарынан, біз су тапшылығын көріп жатырмыз. Дегенмен де біз елімізге келіп жатқан судың өзін де дұрыс пайдаланбай отырғанымызды атап өткен жөн», - деп тоқталды депутат.

Оның сөзіне қарағанда, сумен қамтамасыз етудің қалыптасқан тәртібі сақталынбаған жағдайда солтүстік, шығыс, орталық облыстарының өнеркәсіптеріне, ауыл шаруашылығына үлкен соққы болады. Ең маңыздысы, Балқаш және Зайсан көлдерінің экологиялық жағдайы нашарлауы мүмкін.

«Біздің елімізде Ертіс өзенінің экономикалық маңызы айтарлықтай үлкен. Онымен санаспауға болмайды. Республика аумағындағы өзен бассейндерінде 2,5 миллионға жуық халық өмір сүреді», - деді Құдайберген Ержан.

Соңғы жаңалықтар