Еліміздегі өңірлердің 160 елді мекенін еріген қар суы басу қаупі бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі бірқатар өңірлердің 160 елді мекенін еріген қар суының басу қаупі бар. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нақты жұмыстар жүргізілгенімен өңірлер көктемгі су тасқынына толықтай дайын деп айтуға келмейді. Шешуді қажет ететін бірқатар проблемалы мәселе бар. Біріншісі, су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суды қабылдауға дайын емес. Мәселен, Су кодексіне сәйкес су шаруашылығы ұйымдары судың зиянды әсерінен елді мекендерді, өнеркәсіптік нысандарды, ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауды жоспарлап, ескерту шараларын жүргізуі тиіс. Дегенмен, мұны жергілікті жерлерде жасап отырған жоқ», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Мәселен, оның дерегінше, Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылғыларда ғана жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған.

«Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзенің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, екіншіден, елді мекендерді даланың еріген қар суынан қорғауда да мәселелер бар.

«Тек соңғы жылда ғана еріген қар суынан 57 елді мекен зардап шекті. Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 160 елді мекенді еріген қар суының басу қаупі сақталып отыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл проблеманы шешу үшін кешенді шаралар қарастыруы тиіс», - деді Қасымов.

Соңғы жаңалықтар