Елімізде үш ауысымды мектептер саны көбейіп келеді - БҒМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламентте ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен Мәжіліс депутаттары еліміздегі апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҒМ вице-министрі Бибигүл Асылова келтірген мәліметтерге сәйкес, 2015 жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша елімізде апаттық және үш ауысымдағы 156 мектеп (69 апаттық, 87 үш ауысымда) болған.

«Біз Ұлттық қор аясында арнайы жоспар құрып, 2015 жылдан бастап барлық мәселесі бар мектептердің жұмысын шешіп келеміз. 2015 жылдан бастап 12, 2016 жылдан бастап 49 мектеп, 2017 жылдан бастап 65, 2018 жылы 19 мектептің мәселесін біржақты ету жоспарланған. Ұлттық қордың қаржыландыруының арқасында 159 мектептің мәселесі 2018 жылы шешіледі. Бірақ, екінші сұрақ - жыл сайын мәселелі жаңа мектептер пайда бола бастады. Демогафиялық ахуал мен уақыт өте келе мектеп ғимараттарының ескіруіне байланысты бұл жұмыстардың туындауы заңды», - дейді ҚР БҒМ вице-министрі Бибигүл Асылова.

Вице-министр өз сөзінде мектепке байланысты мәселелер қай жақта өзекті екенін тілге тиек етті.

«Үш ауысым бойынша мектептерге келетін болсам, қазіргі уақытта республикадағы 188 мектеп үш ауысымға ауысуы мүмкін. Өйткені, оларда оқушылар орнының жетіспеушілігі сезіледі. Олар Ұлттық білім базасына апаттық немесе үш ауысымды мектеп ретінде енуі ықтимал. Үш ауысымды мектеп бойынша мәселе жоқ облыстар бар. Ол қатарға Қостанай және Павлодар облыстарын жатқызуға болады. Ал Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында және Астана қаласында бұл жұмыс өзекті. Қолымыздағы қазіргі мәлімет бойынша, Алматыда 1 қыркүйекте 20 мектеп пайдалануға берілгенімен, қазірдің өзінде ол жақта білім ордаларының 10-ы апаттық жағдайдағы тізімге енуі мүмкін. Мәселен, Алматыда Еңбекшіқазақ ауданында 1 қыркүйекте ашылған мектеп бірден үш ауысымды болып кетті. Неліктен? Себебі, жоспар құрған кезде аталған өңірде халық аз болған. Ал соңғы 2,5-3 жылда ол жерде халық көбейіп кеткендіктен, мектепке бала бірден толып кетті», - дейді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар