Елімізде мәслихат депутаттарын сайлаудың пропорционалдық жүйесі енгізілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел отырысында Сайлау туралы заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нақтырақ айтқанда, жиында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды. 

Отырыс барысында ҚР Әділет вице-министрі Наталья Пан заң жобасын таныстырды.

«Сайлау туралы Конституциялық заңға концептуалды өзгерістер 2009 жылы енгізілген болатын. Әділет министрлігі биыл сайлау туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Ол жаңа институттардың енгізу арқылы сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Заң жобасын әзірлеудің мақсаты - сайлау қағидаттарын сақтау, азаматтардың сайлаушы ретінде құқығын қорғау және сайлана білу болып отыр», - деді Наталья Пан. 

Вице-министрдің айтуынша, осы заң жобасының жаңалықтары: мәслихат депутаттарын сайлаудың пропорционалдық жүйесін енгізу, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін тікелей сайлауды енгізу, округтік сайлау комиссияларын тарату, кәсіптік тұрақты негіздегі өкілеттіктерді аумақтық сайлау комиссияларының екі мүшесінің жүзеге асыру, сайлаушылардың тізімдерін цифрландыру болып отыр.

Заң жобаларымен азаматтардың сайлау құқықтарын, оның ішінде олардың жекелеген санаттарына (мүгедектер, әскери қызметшілер, білім алушылар) қатысты неғұрлым толық іске асыру үшін құқықтық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасауға бағытталған нормалар енгізіледі. Оқытуға жергілікті бюджет қаражатын жұмсау мүмкіндігін анықтау үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне толықтыру енгізіледі.

Айта кетейік, аталған жиынға Орталық сайлау комиссиясының, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ саяси партиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар