Елімізде клиника басшыларының өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілері тексеріліп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Клиника басшыларының өкілеттіктерін теріс пайдалану проблемасымен айналысып жатырмыз. Бұл туралы денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысынан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бірнеше айдан бері өзіміздің күшімізбен саладағы түрлі құқықбұзушылықтарға талдау жасап жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында барлық бюджет қаржысын игеру тұрғысында қадағалау жүргізуді тапсырды. Осы орайда Есеп комитетімен бірлесе тиісті шараларды іске асырудамыз. Сонымен қатар дәрілік заттар айналымы мен медициналық жабдықтар проблемаларына қатысты қажетті бақылау жүріп жатыр. Сондықтан бүгін Қоғамдық кеңес деңгейінде ең өзекті деген проблемаларға назар аудардық. Әрине, проблемалар көп, бірақ та олар негізінен дәрілік заттар мен медициналық техниканың бағасы мен көлемін дұрыс жоспарламауға байланысты. Осының салдарынан дәрілер мен техника жоғары бағамен сатып алынады және жеткіліксіз көлемде тапсырылады»,-деп тоқталды министр.

«Дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды жеткізушілер жеке компаниялар болып табылады. Бұл тұрғыда саладағы ірі ойыншылар өзара сөз байласып, бағаны болмашы сомада ғана түсіру арқылы ірі келісімшарттарға қол жеткізеді. Осы орайда басқа меморгандармен бірлесе бұндай құқықбұзышылықтарға тосқауыл қою керек болып тұр»,-деді ол.

Сонымен қатар ведомство басшысы саладағы шенеуніктер мен лауазым иелерінің, клиникалардың бас дәрігерлері тарапынан орын алатын заң бұзушылықтарға тоқталды.

«Өкілеттіктерді теріс пайдалану проблемалар жиі кездеседі. Сондықтан бүгін селекторлық режімде өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері бұл проблемалар жайында тапсырма алды. Яғни басшыларды тағайындаған кезде жауапкершілікті күшейту керектігін талап етіп отырмыз»,-деді Біртанов.

Айта кетейік, Қоғамдық кеңес отырысы барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек бағасын қалыптастырудың жаңа моделін ұсынды. Ол халық үшін дәрі-дәрмектің экономикалық қолжетімділігін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, сатып алынатын препараттардың көлемін ұлғайту мен мемлекет есебінен берілетін дәрілермен науқастарды қамту әрі дәрілерді тіркеу кезіндегі сыбайлас жемқорлық факторларына тосқауыл қояды деп күтілуде.

Бұдан бөлек вице-министр өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларымен жергілікті бюджет шеңберінде сатып алынатын медициналық техникалардың сатып алу кезіндегі анықталған бұзушылықтарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Соңғы жаңалықтар