Елімізде дені сау, ерінбеген адамға табысқа кенелуге барлық жағдай жасалған - ауыл кәсіпкері

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Ерейментау ауданының тұрғыны «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында кәсібін дөңгелетіп, келешекке сеніммен қарауда.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ерейментау ауданына қарасты Новомарковка селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Төлеухан Ромбаймен сұхбаттасқан еді.

«Сонау 2007 жылы жолдасым екеуіміз алты баламен Моңғолиядан атажұртқа қоныс аударған едік. Көпбалалы отбасы үшін бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аудару оңай шаруа емес. Әрине, бастапқы кезде қиындықтар болды. Дегенмен, жергілікті әкімдік пен ондағы мамандардың көмегінің арқасында бар қиындықты артқа тастап, қазір шаруамыз өрге жүзе бастады. Алғаш келген кезімде ауыл әкімі Григорий Самойленкоға барып, көмек, ақыл-кеңес сұраған едім. Білікті де, адамгершілігі мол әкім менің жағдайымды, көп балалы екенімді бірден түсініп, қолдан келгенше ақыл-кеңесін айтты. Тіпті, 50 гектар шабындық жер алуымды ұсынды. «Бұл саған мал шаруашылығымен айналысуға зор мүмкіндік», деген еді әкім. Кейін көп ұзамай осы азаматтың шарапатымен мал шаруашылығын қолға алдым», - деп сөзін бастады кәсіпкер.

Оның  айтуынша, ауылдық жерде шағын жəне орта бизнеске жұртшылықтың ынтасы жыл санап артып келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін бизнесін өркендетуге негізінен мал шаруашылығымен айналысу қолайлы саналады.

«Шаруа қожалығымызда 30-дан астам жылқы, 20-дан астам ірі қара күтілуде. Шаруашылықпен бүкіл отбасыммен бірлесіп айналысудамыз. Бие байлап, сиыр сауып, сүтті сүттей, қымызды қымыздай сатудамыз. Елімізде дені сау, ерінбеген адамға мал асырап, табысқа кенелуге барлық жағдай жасалған. Шаруашылығымызда бес адам еңбек етеді. Олардың айлығын уақытылы төлеп тұру менің міндетім. Осыдан бірер жыл бұрын  «Жұмыспен қамту - 2020» мембағдарламасы арқылы несие алып, қасапхана аштым. Оның қуаты күніне 10-12 бас малды союға мүмкіндік береді. Қасапханада 2 адам жұмыс істейді. Жақында толық қуатына шығаруды көздеп отырмыз. Мұнымен қатар, келешекте қой шаруашылығын қолға алып, жұмысшыларымызға баспана салу да жоспарда бар», - дейді келешекке зор сеніммен қараған Т.Ромбай.

Бүгінде Төлеухан Ромбайдың мал шаруашылығын қолға алғанына 7-8 жылдың жүзі болды. Осы аз ғана уақыттың ішінде кәсіпкер бірқатар табыстарға қол жеткізіп үлгерді.

Соңғы жаңалықтар