Елімізде адвокаттарға қатысты шағымдардың жиілеп кетуінің себебі айтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгелдің пайымынша, соттарда қаралатын істердің көлемі артқандықтан, қазақстандықтардың адвокаттарға қатысты шағымдары да жиілеп кетті. Бұл туралы ол Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше баяндамалар барысында қорғаушыларға қатысты шағымдар артқандығы айтылды. Бұл ретте бізде соттарда қаралатын істер саны артып келеді, сәйкесінше адвокаттарға да шағымдар көлемі де жоғарылайды. Бұның негізділігі  -  ол субъективті мәселе. Сонымен қатар өз тарапымыздан шағымның қаншалықты негізді екенін қарастырамыз», - деді Ә. Түгел.

Оның сөзіне қарағанда, егер де апелляциялық әрі кассациялық шағымдар уақытылы дайындалмаса, сот процестеріне кедергі келтірсе, яғни сот отырысына уақытында келмей, әдепсіз іс-қимылдарға жол берсе, онда осындай адвокаттар жазаланады. Өткен жылы алқадан бес қорғаушы шығарылған. Бірқатар адвокаттар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға сөгіске және ескерту жасалды.

Үкімет сағаты барасында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстанда қорғаушылар жетіспейтіндігін айтты.

«Елімізде қорғаушылардың тапшылығы қалыптасып отыр. Осындай қызметтерге мұқтаж азаматтар оны тиісті деңгейде алмауда немесе қызметтің құны тым жоғары », - дейді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар