Елдос Сметов әлемдік Гран-при турнирінің алғашқы күнінде-ақ жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Дюссельдорф қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-при турнирінің алғашқы жарыс күнінде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың алғашқы күнінде ерлер 60 келі, 66 келі; әйелдер 48 келі, 52 келі және 57 келі салмақ дәрежелерінде өзара бақ сынады.

60 келіде татамиге бірінші болып шыққан Бауыржан Жауынтаев алғашқы айналымда-ақ испаниялық қарсыласы Джарижос Францискоға, ал осы жарыстың басты фавориті саналған Елдос Сметов бразилиялық Пелим Филипке вазари ұпайымен ұтылды.

66 келіде Азамат Мұқанов денсаулығының нашарлауына байланысты белдесуге шықпай қалды. Осы салмақтағы тағы бір отандасымыз Ғұмар Қырғызбаев бірінші айналымда АҚШ спортшысы Миранда Аугустоны ескерту қағазының аздығымен жеңгенімен, екінші айналымда моңғолиялық Довдон Алтансухтан вазари ұпайымен жеңіліп, жарыстан шықты.

52 келіде белдескен бұрымды балуанымыз Айкүнім Түйтекова жарысқа іріктеу кезеңінің екінші айналымында қосылғанымен, бразилиялық Валентим Елеудиспен болған кездесуде үш шидо алып, жарысты әрі қарай жалғастырмады.

Осылайша, Гран-при турнирінің алғашқы күнінде қазақстандықтар жүлдесіз қалды.

Бүгін, 25 ақпан күні ерлерден 73 келі, 81 келі әйелдерден 63 келі, 70 келі салмақ дәрежесіндегі дзюдошылар арасында жарыс жалғасады.

Бұл салмақтарда ел намысын Жансай Смағұлов (73 келі), Азиз Қалқаманұлы (81 келі), Қажымұқан Өтеулиев (81 келі), Мариан Урдабаева (63 келі), Жанар Қашқын (70 келі) және Ділбәр Өмірәлиева (70 келі) қорғайды.

Естеріңізге сала кетсек, Дюссельдорф қаласындағы дзюдодан Гран-при турнирі 24-26 ақпан аралығында өтеді. 50 елден 346 дзюдошы келген бұл жарысқа Қазақстан Ұлттық құрамасынан 17 спортшы қатысып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар