«Елдің бірлігінен Жердің бүтіндігіне дейін...» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 шілде, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газеті бүгін өзекті тақырыптың бірі - жер мәселесін қозғап отыр.» Қазақ қазақ болғалы меніңше үздіксіз талқыланып келе жатқан ең басты екі үлкен мәселе бар, деп жазады басылым. Оның біріншісі - Ел бірлігі болса, екіншісі одан бөліп қарауға болмайтын Жер бүтіндігі мәселесі. Тіпті, алдымен Жер бүтіндігі, содан соң Ел бірлігі десек те қателеспейтініміз анық. Өйткені, бұл екеуі - адамның жаны мен тәні сияқты, бір-бірінен ешқашан бөліп қарауға болмайтын дүниелер».

Басылымның хабарлауынша, егер шамамен жылына 20 миллион тонна астық өндірілетін солтүстік аймақтағы егістік жердің гектарына тек 70-ақ теңге салық белгіленген болса, 80 мың гектар жердің салығын Сергей Витальевич сияқты алпауыттар, оған тұқым салмаған күннің өзінде, қалтасынан-ақ төлей салады. Өйткені, оның бір жылдық салығы бар-жоғы 5,6 миллион теңге болады, тек жерді иемденіп отырса болғаны. Ал тұқым салса, одан орташа 12-13 центнерден астық алып, тоннасын 100 доллардан сатқанның өзінде 2,5-3 миллиард теңге табыс табады! Онда тіпті керемет, қазынаға болмашы ғана салық төлеп, өзі мол пайдаға кенеледі. Бұл тек бір ғана мысал, ал солтүстікте ғана емес, шырайлы шығыс, жәннат мекен Жетісу, боз топырақты батыс, жалпы ел көлемінде осындай бірнеше ондаған мың, тіпті жүздеген мың гектар жерді пайдаланып отырған жеке тұлғалар қанша?! «Бұл - бүгінгі ахуал. Егер келешекте де Сауэр, Жолдыбаев, Искаков, Емельянов, Ахметов, Фаст, Терещенко, Кулагин сияқты бірнеше жүз адам шығып, әрқайсысы 100-500 мың гектарлап құнарлы жерлерді жеке меншігіне сатып ала берсе және олар бір-бірімен тұтасып жатса, одан миллиардтаған теңге пайда тауып, қазынаға болмашы ғана салық төлейтін болса жағдай қандай болмақ?! Елдің бірлігіне, Жердің бүтіндігіне, Ұлттық қауіпсіздігімізге  сызат түспей ме?! Осыдан соң да Тәуелсіз Еліміздің тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміздің мемлекет орталығын Алматыдан Астанаға көшіргендегі көрегендігін, ішкі-сыртқы көші-қон үдерісінің бағытын да солтүстікке қарай бұрғанын түсінбей көріңіз!.»-деген басылым. Бұл мәселе туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Елдің бірлігінен Жердің бүтіндігіне дейін...» атты мақаладан оқи аласыздар.

 Жаз болса жағымсыз иіс мазаны алатын жағдай тек Астанаға ғана тән емес болып шықты. Ақтөбеліктер де жаз келсе, жағымсыз иіспен тыныстауға мәжбүр екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті хабарлап отыр. «Ақтөбе өңірінің ауасы табиғи тұнық тап-таза деп ешкім де айта алмасы анық. Мұнайдан бөлінетін түрлі зиянды заттардың бар екені рас. Ал облыс орталығындағы ауа райының күрделілігі жайлы жыл сайын дабыл қағылып жүр. Оның үстіне өнеркәсіп кәсіпорындарының қала маңына жақын салынуы, ескі кәсіпорындардан шығатын қалдықтардың залалсыздандырылуының кемшіндігі бұл мәселені бұдан гөрі де ушықтырып барады. Ауаның ластығына қалалықтардан ең көп арыз-шағым түсуі де сондықтан. Осыны ескерген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалымен танысып шықты. Ол атмосфералық ауа қабатына зиянды қалдықтар шығаруы мүмкін нысандарды аралады, кемшіліктерді көзбен көріп, көңіл жабырқататындай жайттарға куә болды.Өңір басшысы өнеркәсіптік ауданды, Рысқұлов көшесіндегі жабдықталмаған ағын стансасы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын, Ақтөбе қаласының кәріз тазарту қондырғылары мен спирт өндірісі қалдықтары төгілетін бұрынғы ет комбинатының булану алаңын көрді» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Жағымсыз иіс, қолайсыз ауа» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгін өз ісін дөңгелентіп отырған Павлодар облысындағы екі шағын кәсіпкерлік туралы жазып отыр. «Қазір өз ісіңді бастау - өз өзіңе шығын деген пікірді көп естіп жүрміз. Тіпті, бәсеке көп нарықта жаңа келген «ойыншының» өсіп-өркендеуіне жол жоқ дейтіндер бар. Бірақ, бұл пікірді Павлодардағы «Вектор S» және «ЭкоМастер» серіктестіктері жоққа шығарып отыр»,-деп жазады басылым. Бұл екі серіктестік Павлодардың шет жағындағы Мичурино ауылынан бос тұрған ғимаратты сатып алып, сүт өндірісін қолға алған екен. Шамамен 100 млн теңге шығындап, күрделі жөндеу өткізген. Бұл серіктестіктердің аз уақытта қалай көркейгені туралы басылымның бүгінгі санындағы «Объединила «Родная долина»» атты мақалада жан-жақты жазылған.

***

«Экспресс К» газеті бүгін Алматыдағы жетімдер үйінің бірінде тіркелген бала зорлау фактісі туралы жазып отыр. Алматыдағы №1 жетімдер үйінде жүрген 10 жасар бала өзінің зорлық көріп жүргені туралы интернетке видео жариялаған соң, полиция қызметкерлері күдікті ретінде 19 жастағы Серік атты жігітті ұстаған. Енді жетімдер үйінің тәрбиешілері зорлық көрдім деген баланы емес, Серікті жақтап отыр екен. Бірақ,  13 жастағы бала мен осы жастағы қыз бала да өздерінің зорлық көргенін жайып салған. Бұл оқиға туралы «Экспресс К» газетінің бүгінгі санындағы «А был ли мальчик?» атты мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар