Елбасының жаңа кітабын оқу құралы ретінде пайдалану қажет - Ерлан Сыдықов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы - Қазақстан жолының айнасы. Бүгін аталған кітаптың тұсаукесерінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көптен күткен кітапқа бүгін қол жетті. Бұл еңбек осы отырған әрқайсымыздың, әрбіріміздің тағдырымыз туралы. Сонымен қатар, кітап еліміздің ширек ғасырдағы бары мен нары туралы, еңбегіміз бен елдігіміз жайында өрбіген. Сондықтан оны еліміздің барша азаматтары бір кісідей оқып шығуы керек. Кітапты парақтап, ой түйген абзал. Өйткені бұл кітап - Қазақстан жолының айнасы. Елбасының ерлігі, ақылы, парасаты, табандылығы, шеберлігі, қажыр-қайраты, мейірімі мен төзімі, көрегендігі көрсетілген», - деп атап өтті ғалым.

Сонымен қатар, ол тұсаукесер алдында біраз азамат осы кітапты оқу мүмкіндігіне ие болғанын жеткізді.

«Сондықтан да бұл кітап - тұжырымдамалы іргелі еңбек. Біз, тарихшылар, ширек ғасырымызды байыптайтын әрі шынайы баға беретін өрелі еңбекті күтіп жүргенбіз. Оны Елбасының жазуы еліміз үшін де, елдігіміз үшін де үлкен оқиға деп білемін. Бұл еңбек жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы.

Президент Тәуелсіздіктің елең-алаңынан біздің өз жолымыз бар деп мәлімдеді. Бұл кітап Қазақстан жолының күнделігі, шежіресі. Маман ретінде айтарым, Елбасы Тәуелсіз елдің мәртебелі тарихын канондық үлгіде жазып берген. Тарихты тұлғалар жасайды, тарих тұлғаларды анықтайды», - дейді Е. Сыдықов.

Осы орайда ол мемлекет құрудың жөн-жосығын да, теория-тәжірибесін де ғылыми өреде меңгерген Нұрсұлтан Әбішұлының ел тарихын жазуға толық моральдық құқы бар екенін қадап айтты.

«Елбасы кітабының алғашқы оқырманы болу мен үшін және осы отырған Сіздер үшін зор мәртебе деп білемін. Осы орайда университет басшысы, Тарихшылардың ұлттық конгресінің төрағасы ретінде тиісті ұсыныстарды жасаймын. Біріншіден, бұл еңбекті оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет. Екіншіден, кітаптағы тұжырымдамалы ойлар мен маңызды фактілер бойынша түрлі мәдени-танымдық шаралар кешенін ұйымдастыруымыз қажет. Үшіншіден, бұл кітап ел тарихын, оның деңгейін танытатын еңбек болғандықтан, тез арада БҰҰ-ның тілдеріне аударып, бастыртып, әлемге таратқанымыз жөн. Төртіншіден, технология дәуірінде бұл кітапты цифрлық жүйеге түсіріп, түрлі форматта насихатту керек», - деп түйіндеді сөзін тарихшы.

Соңғы жаңалықтар