Елбасының АҚШ-қа сапары: саяси һәм экономикалық серпіліс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің ең алпауыт елі саналатын АҚШ-тың қызметіне кіріскеніне 1 жылдай ғана уақыт болған 45-ші Президенті Дональд Трамптың АҚ үйге ресми сапармен келген өзге елдің мемлекет басшыларына әдетте үстемдікпен қарап, хаттамалық рәсімдерде көзделетін резиденция алдында келген мейманды қарсы алу шарасын да атқара бермейтіндігі белгілі. Бірақ бұл жолы Вашингтонға ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген Трамп құрметінің ерекше екендігі бірден байқалды. 

Ақ үйдің алдына келіп тоқтаған көліктен түскен Елбасын ол ілтипатпен қарсы алып, есік алдында ұзақ уақыт сөйлесті. 

Дәл осындай ізетті Қазақстан Президентін Ақ үйден шығарып салу барысында да жасады. Осы жайттардан-ақ Американың Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде қарастыратындығы, өңірлік және халықаралық процестердегі атқарып отырған рөліне жоғары баға беретіндігі байқалып тұрды.

Жалпы Н.Назарбаев пен Д.Трамптың екеуара келіссөздерінде Сириядағы шиеленіс, Ауғанстандағы ахуал, Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламасы, АҚШ пен Ресей арасындағы байланыстардың нашарлауы сынды халықаралық және өңірлік проблемалармен қатар, Азиядағы 5 мемлекеттің Америкамен ынтымақтастығына негізделген С5+1 жобасы да тыңғылықты талқыға түсті. Бұл ретте Дональд Трамп Қазақстан тарабының жоғарыда аталған мәселелерге қатысты атқарған жұмыстарына оң баға бергендігін атап өткен жөн.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтындығын, алдағы уақытта да екіжақты қарым-қатынасты нығайту қажеттігін атап өтсе, Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтіндігін, сонымен бірге өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді.

Тет-а-тет форматында өткен жылы жүздесуден кейін екі елдің басшылары қазақстандық және америкалық журналистердің алдына шығып, бірлескен мәлімдеме жасады.

Мәртебелі мейманды қарсы алушы тарап ретінде алдымен сөз сөйлеген АҚШ Президенті: «Құрметті Президент! Сіз ел тізгінін ұстағалы маңызды жұмыстар атқардыңыз. Ақ үйде Сізді қабылдау - мен үшін абырой. Менің шақыртуымды қабылдап, осында келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде қарастырып келеді. 1991 жылы Рождество мерекесінің алдында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз», - деді.

Дональд Трамп Қазақстанның Корей түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптеске айналғанын және екі мемлекет бірігіп, Солтүстік Корея режімінің әлемге ядролық қару қаупін төндіруінен қорғай алатындығын баса айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев та келіссөздер нәтижелеріне оң баға беріп, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды. 

«Ең алдымен Ақ үйге, АҚШ-қа шақырып, делегацияма жылы қонақжайлылық танытқаныңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сізбен телефон арқылы сөйлесуіміз, Эр-Риядтағы кездесуіміз және бүгінгі келіссөздер сенім, достық және өзара түсіністік туы аясында  өтуде. Бұл сапарым қазақстандық-америкалық қарым-қатынасты екі халық пен елдің игілігі үшін кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретіндігіне сенімім мол. Сондықтан да біз бүгін Астана мен Вашингтонның өзара қарым-қатынасындағы жаңа дәуірге бастамашы болатын бірлескен саяси мәлімдеме қабылдаймыз», - деді Қазақстан көшбасшысы.

АҚШ-тан инвестиция артады

Бүгінде Америка Құрама Штаттары Қазақстанның экономикасына тікелей инвестиция салуда Нидерландыдан кейінгі  екінші орынды иеленіп отырғаны белгілі. Алдағы уақытта бірінші орынға шығуға да әлеуеті жетіп артылатындығы айдан анық. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонға ресми сапары аясында америкалық іскер топ өкілдерімен дөңгелек үстел басында кездесіп, бірнеше миллиардтаған долларлық келісімшарттарға қол қоюға ұйытқы болды.


«Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестеріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев америкалық іскер топ өкілдерімен кездесу барысында.

Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шараларға, еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысына, «жасыл» экономика саласындағы жобаларды дамытудың келешегіне, «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысының алдағы жоспарларына кеңінен тоқталды. Нәтижесінде авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылып, 3 үкіметаралық келісім жасалды.

Айта кетерлігі, АҚШ ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған ел болғанымен, бұл саладағы гендік модификацияланған өнімдері басым. Сондықтан болар, олардың Қазақстанның табиғи таза өнімдеріне деген қызығушылығы арта түсуде. Оны Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарына орай еліне келген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол да жасырмады. Тіпті, қазақтың қазысы мен қартасына, қымызы мен шұбатына үйренгенін, Америкаға келгеннен бері қарны ашып жүргендігін ашық айтты.

«Бізге сіздердің экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдеріңіз бен технологияларыңыз өте қажет. Вашингтонға келгелі еш жерден қымыз, шұбат таба алмадым. Мен бұл жерде аш жүрмін. Жылқының еті де жоқ», - деді Джордж Крол Қазақстан Президенті АҚШ-тың іскерлік топ өкілдерімен кездесуінен кейін қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты барысында.

Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығын тереңдетер кездесулер

null
Елбасы сапар аясында Америка Құрама Штаттарының Вице-Президенті Майкл Пенспен кездесті. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.


Ал «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесу барысында Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар жөнінде айтты.

АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен жүздесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде сөз қозғады.

Қазақстан - әлем назарында

null
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары Нью-Йорк шаһарында жалғасты. Онда Мемлекет басшысы Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы аясында аталған кеңестің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» отырысының тізгінін ұстап, ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін әлем жұртшылығы ұстануы тиіс келелі шараларды ұсынды. Елбасы ең бірінші ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санайтындығын жеткізді. Екіншіден, жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керектігін, мұндай көпжақты келісімдерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген қарарларымен бекіту қажеттігін баса айтты. Үшіншіден, жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты екендігіне назар аудартты. Төртіншіден, халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керектігіне тоқталды. Бесіншіден, жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күрес жүргізудегі бірден-бір тиімді құрал - ядролық қарудан азат аймақтар құру екендігін назарға салды. Алтыншыдан, бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі бар екендігін айта келе, халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиісті екендігін атап өтті.
null 

Айта кетерлігі, Қазақстан Президенті Қауіпсіздік Кеңесі отырысын өткізгеннен кейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, еліміздің жаһандық ұйымға төрағалығына қатысты барлық өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқыға салды.
null 

Америкалық іскерлердің Қазақстанға аңсары ауды

Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорк қаласында да Қазақстан мен АҚШ-тың сауда-экономикалық байланыстарына тың серпін беруге қауқарлы ірі америкалық компания басшыларымен, БҰҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесу барысында олардың Қазақстанда жұмыс жүргізуге ниет танытып отырғандығына ризашылық білдірді. «Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу шешімдеріңізді қолдаймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қатысушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз», - деп сендірді Елбасы.
null 

Ал А.Фридман «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастастықты бастауға және Қазақстан биржасының жұмысына қажетті озық технологиялармен қамтамасыз етуге әзір екенін атап өтті.
null 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Goldman Sachs» компаниясының президенті Харви Шварцпен кездесті. Кездесуде тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Goldman Sachs» компаниясының одан әрі ынтымақтасу мәселелерін талқылады. Ал «ExxonMobil» компаниясының бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесу барысында Қазақстанның «ExxonMobil» компаниясымен мұнай-газ саласында қалыптасқан экономикалық серіктестікті айрықша атап өтті.
null 

АҚШ сапарының қорытындысы
 

null
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, арнайы баспасөз мәслихатын өткізу барысында Дональд Трамппен екеуара кездесуінен бастап бизнес өкілдерімен кездесуі, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысына төрағалығы жайына тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жан-жақты жауап берді. Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын дамытудың басым бағыттары мен келешегін сөз еткен Елбасы, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қол жеткізілген уағдаластықтар жөнінде айтты. Қазақстан Президенті қазақстандық тілшілердің сауалына орай Вашингтондағы Дональд Трамппен кездесуіне жан-жақты тоқталды. «Ол жұмысына кіріскен уақыттан бері сырттай байланыстар болып, екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Және де біздерде қандай да бір өзара түсіністік қалыптасты. Мен оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын білдім. Мен Үлкен Буштан бастап, Клинтон, Кіші Буш, Обамамен кездестім. Оның келіссөздер жүргізу мәнері де ешкімге мүлдем ұқсамайды. Бизнесмен, нақтылықтың адамы, бос сөзді жақсы көрмейді. Бұл маған да ұнайды. Біз бір-бірімізбен бірден түсіністік. Жайлы жұмыс жасадық, ешқандай мәселе туындаған жоқ. Қайта талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағдаластық. Америкалық компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге белгілі мүмкіндік берілетіндігіне, Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды ел екендігіне келістік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысына басшылық жасағанда толқығанын да жасырмады.

«Әрине, жаңағы жерде отырғанда толқисың. Қай кезде қазақтың баласы бүкіл әлемге осы жерден ақыл айтып еді?! Бүкіл әлемде, дүниежүзінде 200 мемлекет бар. 200 мемлекеттің ішінде осы Қауіпсіздік Кеңесін басқарғандар көп емес, 70-80-ге жақындаған да жоқ. Біз өңірден ең бірінші болып осындай дәрежеге жеттік. Өзіміздің көңілімізді айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келеміз. Сенім мәселесін айттым, үлкен елдердің арасында сенім жоқ», - деді Елбасы.

Қазақстан-Польша ұстанымы сай

Қазақстан 2017 жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметіне кірісіп, 2018 жылдың қаңтар айы бойы халықаралық мәртебелі ұйымға төрағалық еткен болса, бізден бір жыл кейін ғана ұйымның тұрақты емес мүшелігіне өткен Польша қазақ елінің осы уақыт аралығында атқарған ісіне қызығушылық танытуымен қатар үлгі алуға да тырысып отыр. Мұны Польша Президенті Анджей Дуданың Елбасының төрағалығымен өткен кеңестің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысына арнайы қатысуынан-ақ байқауға болады. Сондықтан да болар Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Қазақстан Президентімен кездескеніне және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі болғанына ризашылығын білдірген еді.
null 

Қазақстан Президенті өз кезегінде А.Дуданы Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтады.

«Бүгінгі кездесу қарым-қатынастарымызды талқылау үшін бізге зор мүмкіндік береді. Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2018-2019 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа сапары аясында Линкольн орталығында өткен «Астана Балет» театрының концертін тамашалады.
null 

Соңғы жаңалықтар