Елбасы Жолдауы - «ақпараттық қоғам» құрудың алғышарты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы қазіргі әлемдегі алмағайып ахуалды, түбірлі өзгерістерді зерделеп барып жасалған маңызы зор тарихи құжат. Онда Елбасымыз Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығын айқындап берді

Жолдаудағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде адами капитал сапасын жақсарту мәселесі атап көрсетілген. Бұл бағыт бойынша білім беру жүйесінің рөлін өзгерту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделін жасақтауға, сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытып, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға баса көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтеріне кіретін автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер назарға алынған.

Бүгінгі таңда Қазақстанның білімі мен ғылымы дүниежүзілік кеңістікке енуі үшін еліміздегі білім беруді демократияландыруға және оқыту жүйесіне жаңа талаптар қойылуда. Яғни, адамдар бір елден екінші елге барып оқып, еңбек етуде, ғылыми ұжымдар бірігіп, ортақ зерттеулер жүргізілуде. Технологиялар біздің өмірімізге үлкен жылдамдықпен енуде. Бұл үрдісті тоқтату енді мүмкін емес. Ойлау мен жұмыс істеу тәсілімізді қайта құра отырып, технологиялар адамдарды толығымен өзгертуде.

Білім саласы да көп өзгерістерге ұшырап, көп жағдайда технологиялық жаңашылдықтарға байланыста дамиды деп болжануда. «Moodle» жобасы тегін және оқушылардың қауымдастық құруына көмек береді. Ол 20 мыңнан астам сайттарды құрап, 820 мың оқыту курстарын ұсынады. Сонымен қатар, орта білім саласында озық технологиялардың жетістігі болып табылатын Е-learning және Smart-learning жүйесі мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының мүлдем жаңаша түрін қалыптастырады.

Электронды оқытудың түпкі нәтижесі - «ақпараттық қоғамды» қалыптастыру.  Кез келген қажетті білімді қоғамның кез келген мүшесіне әлемнің кез келген нүктесінде, кез келген уақытта алуына мүмкіндік жасалған болса, ондай қоғамды «ақпараттық қоғам» деп атауға болады. Өкінішке қарай, біздің елімізде ақпараттық қоғам толық қалыптасқан жоқ. Сондықтан, смарт оқытуға арналған мүлде жаңа форматтағы оқулықтарды, дәлірек атасақ, мәтін, сурет, видео, анимация, т.б. қазіргі күнде біз білмейтін мүмкіндіктерді қамтитын смарт техникаларға сүйенетін кітаптарды жасайтын педагогтердің қызметін күшейту керек.

Егер E-learning және SMART-learning үдерістері еліміздің мектептеріне енгізілетін болса, онда оны тез үйрену үшін дереу латын графикасына көшу қажеттілігі де туындайды. Өйткені, тек компьютер, смарт қана емес, әлемде кеңінен таралып, одан әрі дамып жатқан ғаламтор, мобильді телефондар, жерсеріктік теледидарлар және тағы басқа да әлемдік ақпараттық кеңістіктегі технологияларда латын графикасы үстемдік етуде. Оның үстіне латын графикасы қазіргі таңда дүние жүзі бойынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде де танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуына, дамуына мүмкіндік береді.

Білімнің негізгі іргетасы жаңа типті мектептерде қаланатыны бәрімізге белгілі. Сол себепті білім беру ошақтары балаға деген көзқарас пен қарым-қатынаста баланы объект деп қарамай, оны дамушы тұлға ретінде қабылдап, оқу-тәрбие жұмысына осыған лайық өзгерістерге сай педагогикалық технологияны енгізу қажет. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Жаңа технология арқылы бала білім алумен қатар, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыланады.

Бүгінгі оқушы, ертеңгі студент жан-жақты дамыған болуы керек. Сонда ғана ол еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандырады. Мектеп қабырғасынан бастап жас жеткіншекке еңбек нарығында табанды түрде бәсекеге түсе алатындай негіз жасалуы тиіс.

 

Соңғы жаңалықтар