Елбасы жаңа тағайындауларға қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  еліміздегі құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін жаңғырту үдерісіне тоқталып, бұл жүйеде кадрлық өзгерістер жасаудың қажеттілігін атап өтті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

- Игорь Рогов зейнет жасына жетті. Заңнамаға сәйкес ол атқарып отырған қызметінен босатылды. Сіңірген еңбегі мен атқарған жемісті жұмысы үшін оған алғыс айтамын. Конституциялық Кеңестің төрағасы болып Қайрат Әбдіразақұлы Мәми тағайындалды, - деді Елбасы.

Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев Қайрат Мәмиді Жоғарғы Сот төрағасы лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізіп, бұл қызметке Жақып Асановтың кандидатурасын ұсынды.

- Бұл кездейсоқ таңдау емес. Біз жаңа заңның қабылдануына байланысты сот-құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың келесі кезеңіне қадам бастық. Сондықтан сот органдарының жаңа басшысы оны тиімді әрі жылдам іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Нәтижесінде Қазақстандағы сот төрелігі неғұрлым дамыған әрі әділетті болуға тиіс. Жақып Асановтың кандидатурасы осы жоғары талаптарға толық сай келеді деп ойлаймын, - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті Жоғарғы Сот төрағасы лауазымына ұсынылған кандидаттың жеке қасиеттері мен кәсіби машықтарын атап өтті, сондай-ақ Қайрат Мәмиге еліміздің сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор лауазымына Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасын Парламент Сенатына келісу үшін ұсынды.

- Ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Басшылық қызметтегі және прокуратура органдарындағы тәжірибесі мол. Оның Бас прокурор лауазымына ауысуына байланысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Алик Шпекбаев тағайындалады, - деді Мемлекет басшысы.

Парламент Сенатының депутаттары ашық дауыс беру арқылы Қ.Мәмиді Жоғарғы Сот төрағасы лауазымынан босату және осы қызметке Ж.Асановты тағайындау туралы қаулы қабылдап, сондай-ақ Қ.Қожамжаровтың кандидатурасын Бас прокурор лауазымына тағайындауға келісім берді.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздің сот және құқық қорғау жүйесінде сапалы әрі уақтылы реформалар жүргізудің маңыздылығына тағы да назар аударды.

Соңғы жаңалықтар