Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -6 °С
Алматы: 1 °С
USD 319.88 EUR 394.41
RUB 5.65 CNY 50.42
Жаңалықтар

Елбасы Үкіметтің басты міндеттерін белгіледі

2018 жылғы 9 ақпан 20:12 1708
Бөлісіңіз:
Елбасы Үкіметтің басты міндеттерін белгіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жыл Қазақстан үшін берекелі болды десек,  қателеспейміз. Себебі экономика дамудың тұрақты траекториясына шығып, бұл ретте халықаралық рейтинг агенттіктері елімізге өздерінің оңтайлы бағалауын беріп те үлгерді. Атап айтқанда, Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 пайызға жеткені экономиканы бір серпілтіп тастағаны анық. Өсімнің 60 пайызы шикізаттық емес секторлардың есебінен қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде экономиканың тұрақтылығы мен оның құрылымының өзгергендігін аңғартады. Нақты мәліметтерге сүйенсек, сыртқы сауда айналымы 25 пайызға артып отыр, яғни 65,5 млрд долларға дейін. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,5 пайыз деңгейіндегі өсімді көрсетті. Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан экономикасындағы негізгі көрсеткіштер талқыланып, Министрлер кабинетіне тың тапсырмалар берілді. Осы орайда бұл жиында көтерілген мәселелерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Ұқсас жаңалықтар
Маңғыстау облысында бизнесті қолдауға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді Алматы облысында үш ауысымды мектептер саны азаймай тұр

Үкімет Президенттің оң бағасын алды

«Өздеріңіз білесіздер, қаңтарда өткізген Үкіметтің жиналысында былтырғы жылдың  қорытындысы жарияланды, айтылды. Шынын айту керек, өткен жыл оңай болған жоқ. Дүниежүзінің экономикасы да аумалы-төкпелі болды. Біздің де жағдай әртүрлі болды. Дегенмен, Үкімет пен әкімшіліктердің бірлесіп  істеген жұмыстарының арқасында менің бағалауым бойынша дұрыс нәтижеге жеттік», - деді мәжілісті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық өсімі өткен жылдың қорытындысында 4 процентті құрап, инфляция 7 процент төңірегінде болғанын еске салды.

«Бұл біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан бұл жағынан мен Үкіметтің  жалпы жұмысына, әрбір Үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халық та солай деп ойлайтын шығар. Дегенмен, әр уақытта жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп, бағдарламалардың  орындалуының ішінде кемшіліктер бар. Оны әрине  айтатын боламыз», - деді Қазақстан Президенті.

Сондықтан Елбасы бүгінгі мәжілісте өткен жылдың қорытындысы халыққа тағы бір рет жария етіліп, Үкімет алдында тұрған міндеттер айқындалатындығын баса айтты.

«Биыл Үкіметтің алдына қойып отырған 4 пайыз аз болады. Одан төмен түсіп кетуіміз де мүмкін. Сондықтан  өзіміз алдымызға  одан жоғары міндеттер қоюымыз керек. Оның ішінде бағдарламалардың орындалу мәселелері бар, олардың арасында  кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде жұмыс істейтін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Осыдан кейін Президент қазіргі таңда дүниежүзіндегі ахуал біршама жақсарып келе жатқанын, ол елімізге өз әсерін  тигізетінін сөз етті. Әлемдегі дамыған 30  елдің қатарына қосылу үшін әлі де талай белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Қажетті  барлық бағдарламалық құжаттарды, тиісті заңдарды қабылдау жұмыстары жалғаспақ.

Елбасы биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция  жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері айқындалғанын атап өтті.

«Оның төңірегінде жұмыс істеу басталды. Сондықтан дамудың қарқынын үдету керек. Жақсы істелген нәрсенің барлығы «қалтамызда». Оған рахмет айтамыз. Ал енді істелмеген жұмыстарға, алда атқарылатын жұмыстарға, кемшіліктерге көңіл бөлу керек. Бағдарламаларды сапалы түрде іске асыру, оларға бөлініп жатқан қаржыларды тиімді пайдалану осы отырған барлық азаматтардың міндеті болып саналады»,  - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қабылданған барлық бағдарламаларды, биылғы Жолдауда қойылған міндеттерді орындау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екендігін ерекше атап өтті.

Банктерге көңіл тола ма?

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде банктердің жағдайына, олардың жасап жүрген қызметтеріне айрықша мән берілді. Бұл рете Президент еліміздің екінші деңгейлі банктері мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Біз мұны қашан аяқтаймыз? Әбілязов бастаған БТА банкі мемлекет пен халықтың ақшасын барлығының көз алдында жаппай ұрлады. Бүкіл әлемге біз мұны ашып көрсетіп, мемлекет ақшасын ұрлау екендігін дәлелдедік. Ал қазір ше? Банк құрдық және енді оған адамдар, ұлттық компаниялар бара бастады.  Акционерлер ол жақтан ақшаны шығарып жатыр. Ұлттық банк болса, мұны бақылап қана отыр. Бұған қалай жол беруге болады? Бізге қадағалаушы орган не үшін қажет?  Барлық банкте осындай... Бұл менің ашуымды келтіреді», - деді Елбасы.

Атап айтар болсақ, осы күнге дейін Үкімет банктердің банкрот болуына жол бермей келген болатын.

«Банкрот қылу керек және де ақшаны қалдырсын. Ол акционерлер ешқайда кеткен жоқ, осында отыр. Банктерді ақшаны жинап, одан кейін шығарып алу үшін құрған. Тапа тал түсте қалай ұрлық жасауға болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Президент жекеменшік банктерге мемлекеттік қолдау көрсетуді тоқтататын уақыт жеткенін ескертті.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев отырыс барысында БТА банкімен біріктірілгеннен кейін айтарлықтай проблеманы бастан кешірген жүйеқұраушы банк «Қазкоммерцбанк» сауықтырылғанын еске салып өтті. Сауықтыру нәтижесінде БТА банкінің кредитін «Проблемалы несиелер қоры» сатып алды, ал «Қазкоммерцбанктің» өзінің капиталдандыру міндеттемесі стратегиялық инвесторға сатылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жалпы сомасы 4,5 трлн теңгені құрайтын халықтың депозиті, мемлекеттік және жеке компаниялардың қаражаттары сақталып қалды.

Естеріңізде болса, Ұлттық банк еліміздің банк жүйесінің  28 пайызын құрайтын 5 банкке қолдау көрсетіп отыр. Оларға халықтың 2 трлн теңге депозиті және квазимемлекеттік компаниялардың 2,2 трлн теңге депозиттері мен есепшоттары орналастырылған. Акционерлердің банкті капиталдандыруға ынтымақты қатысуының сызбасы ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, Данияр Ақышев  Үкімет пен Ұлттық банк ірі банктерді капиталдандыру шаралары бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтау туралы шешім қабылдағандығын атап өтті.

Айтпақшы, Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір мәселе мемлекеттік тұрғын үй құрылысын екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруына қатысты болды.

«Екі жылдың ішінде үй салу мәселесіне мемлекет 550 млрд теңге жұмсады. Бұл құрылысты тікелей қаржыландыру. Дағдарыс жылдарында Жол карталарын әзірлеген кезде тиісті қолдау шараларын жасауға бет бұрды, яғни бұл дұрыс қадам болды. Енді осы қаржыны нарықтық тетіктермен пайдалануға көшу керек. Құрылысты банктер қаржыландыруы тиіс, ал Үкімет, Ұлттық банк, әкімдер баспана құнының арзандауы үшін жағдай жасауы қажет», - деді Президент.

Мемлекет басшысы осындай тізбекпен бюджет қаржысына бақылау болатынын атап өтті. Банктер осы қаржыға жауапты болып, оны қайтарып, Үкімет алдында есеп береді.

Жергілікті жолдар түзеледі

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атап өтуінше, биыл Қазақстанда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 500 шақырымдық жолдың құрылысы аяқталады.

«Көліктік, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдардың ауқымды құрылысының арқасында жыл сайын 100 мыңға жуық жұмыс орындары ашылуда. Ең алдымен, автокөлік жолдарының заманауи желісі туралы айтып өтсем. 2015-2017 жылдары Астананы басқа өңірлермен байланыстырған  2 мың шақырым автомагистраль салынды. 4 мың шақырымға жуық жолға күрделі жөндеу жүргізілді», - деді Үкімет басшысы

Аталмыш бағдарлама аясында қарқынды жұмыс жалғаса бермек. 2018 жылы 500 шақырым жолдың құрылысы аяқталады. Жолдаудағы міндеттерге сай, алдағы уақытта жергілікті жолдарға баса маңыз берілмек.  Олардың құрылысы үшін қаржыландыру 150 млрд теңге жеткізіліп, бұл қадам ауылдар мен қалалардағы өмір сапасын арттырады.

ҚР Президенті Н. Назарбаев республикалық жолдарға бөлінетін қаражатты қайта қарастырып, облыстар ішіндегі жолдардың құрылысына бөлуге тапсырма берді.

«Мысалы, қазір шыдай тұратын жобалар болса, онда ол қаражатты облыстың ішіндегі жолдарға салу керек. Адам өзінің үйіне дейін жол көрмесе, сенің салып жатқан республикалық жолың неменеге керек? Бұл жеке бағдарлама, соны қайтадан қарау қажет. Қаражатты қалай салуымыз керек? Осыны пысықтауымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жолдардың құрылысына арналған қаражатты қайта қарастырған кезде бюджет қаржысын тиімді игеруге баса назар аударған жөн. «Енді, екі ауданның арасындағы жолды бетонмен алты жолақ етіп жасаудың қажеті жоқ. Екі жолақ, жүріп тұруға ыңғайлы болатындай. Сосын облыстық бюджеттердің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жергілікті жердегі жолдардың құрылысына бөлінетін қаржының көлемі артады. «Біз әкімдіктермен келістік, қосымша 60 млрд теңге бөлінеді. 30 млрд теңгені - Үкімет, қалған жартысын - әкімдіктер. Алдағы уақытта жыл сайын 150 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар. Оны да екі жақ бөліп көтереді. Биыл біз жергілікті жерде 4 000 шақырым жолды жөндеп шығуды жоспарлап отырмыз», - дейді Ж.Қасымбек.

Ауылдар Интернетпен толық қамтылады

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев алдағы 4 жылда Қазақстанның барлық елді мекендері кең жолақты Интернетпен қамтылатынын жария етті.

«Үкімет Сіздің бастамаңызбен бастау алған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстарды атқаруда. 2022 жылға қарай еліміздің барлық елді мекендері кең жолақты Интернетке қол жеткізіп, қажетті байланыспен қамтамасыз етіледі», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев цифрлық экономика мен халықтың цифрлық сауаттылығы үшін кадрларды даярлау жөніндегі жоспар қабылданғанын атап өтті. Бастапқы 500 өнеркәсіптік кәсіпорында 4.0 Индустриясы элементтерін енгізу мен базалық салаларда технологиялық қайта жарақтау бойынша шаралар әзірленді. Электрондық коммерцияны дамытуда, сондай-ақ жалпы ІТ-саланы жетілдіру тұрғысында заңнамалық нормалар әзірленді.

«Ақылды» қалаларды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Жыл соңына дейін әр өңірде қанатқақты жобалар жүзеге асырылады», - деді Премьер- Министр.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті цифрландыру бағытындағы қадамдарды xалыққа түсінікті тілде жеткізуді тапсырды.

Елбасының пайымынша, бұл шаралар  индустриалды революцияның басы ғана. Демек, алда тұрған мақсат-міндеттер көп. Тау-кен саласына ақпараттық теxнологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға болады. Себебі жұмыс автоматты түрде жүреді. Әсіресе, денсаулық пен білім саласына цифрландыруды кеңінен енгізген жөн. Соның арқасында шалғай ауылда отырған адамның денсаулығын бақылауға әрі білімін арттыруға мүмкіндік бар. Осы орайда адам капиталы артса, ел экономикасын да көтеруге болады.

Президенттің атап өтуінше,  денсаулық саласындағы цифрлық теxнологиялар әрбір адамның денсаулығын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді. Соның арқасында дәрігерлер қағазбасты жұмыстан құтылады. Сол сияқты кеден мен салық саласын цифрға ауыстыру арқылы біраз жұмысты жеделдетуге болады. Шекарада жүк көліктері көп бөгелмейді. Жалпы, 2025 жылға қарай цифрландырудың тиімділігі 2 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар.

«Дәурен Әскербекұлы (Ақпарат және коммуникациялар министрі - авт.), теледидарда, орталық және облыстық газеттерде цифрландыру бойынша арнайы айдарларды ашу қажет. Цифрландырудың нәтижесі қандай? Не істедік? Қандай жобаны іске асырдық? Жалпы, цифрландыру дегеніміз не? Былайша айтқанда, бізге жаппай оқыту шараларын қолға алу қажет пе?», - деді Н.Назарбаев.

Президенттің айтуынша, цифрландыру мәселесін мектеп қабырғасынан бастап кеңінен түсіндіру керек. Себебі қазіргі жастар болашақта осы жұмыспен тығыз айналысады.

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат