Елбасы Тараздағы жаңа жол өткеліндегі құрылыс жұмыстарымен танысты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде Тараз қаласындағы Айша бибі көшесіндегі жол өткеліндегі құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінде Тараз қаласы тұрғындарының жалпы саны 369 мыңды құрайды. Оның 100 мыңы қала аумағымен өтетін темір жол желісінің арғы бетінде тұрады. Қазіргі таңда қаланың осы екі бөлігі арасында көлік қатынасы Абай көшесінде орналасқан жалғыз жол өткелі арқылы жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары көлік қозғалысының қарқындылығы 2-3 есеге өсіп, қаланың темір жолдың арғы бетіндегі бөлігімен қатынас орнату қиындап кетті. Оған қоса Қырғызстан Республикасы шекарасындағы «Айша бибі» кеден бекеті  бағытынан қатынайтын көлік қозғалысының қарқындылығы тәулігіне 4-5 мың автокөлікке жеткен.

Аталмыш мәселенің шешімін табу мақсатында құрылысы өткен ғасырдың 90 жылдары басталып, аяқталмай қалған Айша бибі көшесінің аяғында орналасқан жол өткелін жаңғырту жобасы қолға алынды. Жалпы құны 1 917,311 миллион теңгені құрайтын жобаны іске асыруға 2016 жылы республикалық бюджеттен 1 119,0 миллион теңге, 2017 жылы облыстық бюджеттен 709,1 миллион теңге бөлінді. Жол өткелінің құрылысын «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мердігер компания өткен жылы келісімшартқа сай бөлінген 1 828,1 миллион теңге көлеміндегі қаражатты толығымен игерді.

Қайта жаңғыртудан өткен жол өткелі пайдалануға беріліп, қаланың темір жолдың арғы бетіндегі бөлігімен қатынасу оңтайлана түсті.

Жалпы Жамбыл облысының аумағымен жалпы ұзындығы 1 237 шақырым болатын республикалық маңызы бар автомобиль жолы өтеді. Сонымен бірге, өңірде жалпы ұзындығы 495 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізінің қайта жаңарту жұмыстары да аяқталды. Халықаралық автожолды жаңғырту жұмыстары кезінде 22 көпір, 15 жол өткелдері, 643 су өткізу құбыры, 11 көліктік жол айрығы салынды. Қазіргі таңда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолымен тәулігіне 7 500 көлік өтеді.

Сол секілді облыс аумағындағы республикалық мәні бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолының 7-273 шақырымы аралығындағы жолдарды сапасына қарай І және ІІ санатты етіп қайта жаңғыртудан өткізу жоспарлануда. Жобаны іске асыру бойынша «Каздорпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар