Елбасы: ОА елдерінің арнайы қызметтері ынтымақтастықты жандандыратын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдерінің арнайы қызметтері ынтымақтастықты жандандыратын болады. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта орын алып отырған ішкі проблемаларды біз үшін ешкім де шешіп бермейді деп келістік. Ең алдымен, қауіпсіздікті қарадық. Қазір Ауғанстанда орын алып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатады. Егер мемлекеттеріміздің арнайы қызметтері тығыз ынтымақтастықта болса, онда біз лаңкестер, есірткі тасымалы, діни исламшылар және басқалары туралы бәрін білетін боламыз. Яғни, терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару-жарақ саудасы, ұйымдасқан қылмыс - мұның барлығының жолын кесу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының атап өтуінше, осы мақсатта наурыз айының соңында Өзбекстанда жоғары деңгейдегі конференция өткізу жоспарланған.

«Біздің барлық мемлекеттеріміз шешім қабылдайтын болады. Өздеріңіз де білетіндей, бұл мәселелермен ҰҚШҰ аясында да айналысамыз. Ресеймен де тығыз байланыс бар. Бұл аталған жұмыстағы маңызды сәт», - деді Елбасы.

Мұнан бөлек Қазақстан Президенті Сирияда жеңіліс тапқан ДАИШ (Қазақстан және бірқатар өзге мемлекеттер аумағында тыйым салынған) қазіргі уақытта «ұйқыдағы» ұйымдар құрып жатқанын атап өтті.

«Ал ол жақтағы соғысқа біздің барлық елдеріміздің азаматтары қатысты. Енді олар оралып жатыр. Бізге бұл істе барынша қырағы болу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар