Елбасы мақаласында айтылған мәселелер - дайын медиажобалар - Қарин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қарин Елбасының мақаласына қатысты «Егемен Қазақстан» республикалық басылымының тілшісіне берген сұхбатында мақалада айтылғандардың дайын медиажобалар екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы мақаласында айтылған мәселелер - дайын медиажобалар. Бас басылымда жарияланғаннан кейін корпорацияда мақаланы талқылаған жиын өткіздік. Дәстүр бойынша «Қазақстан» ұлттық арнасы да күзгі маусымға әзірленіп жатыр. Шын мәнінде, мақалада айтылған мәселелер ұлттық арна үшін дайын платформа, дайын тұжырымдама. Біз барлық тақырыпты күзгі маусым аясында көрерменге ұсынуды пысықтап жатырмыз. Мәселен, «Мен - қазақпын!» атты үлкен жобаны енгізбекпіз. Дәстүрлі ән мен күйді, термені насихаттайтын тележоба бірнеше айға созылады. Өңірлерді толық қамтитын осы жоба арқылы ұлттық рухани байлығымызды көрсетеміз. Одан басқа туған жер, киелі орындарға байланысты деректі фильмдер, реалити-шоу түсіру көзделген. Рауан Кенжеханұлы сияқты әріптестерімізбен әңгімелесе отырып, оқулықтарға байланысты бейнедәрістер ұйымдастыруға, аудиокітаптар жобасын шығаруға шешім қабылдадық. Басқа да жобалар бар. Сәтін салса, маусым жақындағанда таныстырамыз»,-дейді басқарма төрағасы.

Оның сөзінше, ұлттық арна Мемлекет басшысы айтқан мәселелерді эфирден талқылауға бірден кірісіп кеткен. Өйткені, мақала жарияланар алдында арна кестесіне бірқатар жаңа қоғамдық-саяси бағдарламалар желісін енгізілген. Мәселен, «Басты тақырып» жаңа сарапшыларды тартуды көздейді. Сондай-ақ «1 студия» сияқты саяси ток-шоу шықты. «Парасат майданы» шығармашылық топтармен әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді талқылаудың жаңа формасын қарастырады. Қазақ радиосында да жаңа бағдарламалар бар.

«Осы арқылы медиақұрылымдардағы ағартушылық бағытты күшейтуді қолға алдық. Соңғы уақытта арналар ойын-сауық бағытына әуестеніп кеткені белгілі. Әрине, онсыз болмайды, көрерменнің қызығушылығын оятуымыз тиіс. Бірақ ұлттық арна мен қазақ радиосы ағартушылық бағытты ұмытпауы керек. Елбасы мақаласы осы миссияны қолға алуымызға негіз болып отыр»,-дейді Қарин.

Соңғы жаңалықтар