Елбасы қорына жас ғалымдар шоғырланып жатыр - Махмут Томанов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорына жас интеллектуал ғалымдар шоғырланып жатыр. Бұл туралы аталған қор жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Махмут Томанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ғимаратында екі күндік «Инновациялық даму және қазіргі Қазақстандағы ғылымға деген сұраныс» тақырыбымен ХІ халықаралық конференция басталды. Жиынға Ресей, Қырғызстан, Италия, Австрия, Қытай сынды елдерден және Қазақстан өңірлеріндегі жоғарғы оқу орындарынан 200-ге жуық жас ғалым келді. Жиында басты баяндама жасаған қор жанындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Махмут Томанов басқосудың негізгі міндеттеріне тоқталды. 

«Конференция мақсаты - жас таланттарды табу. Олардың ғылыми ізденістері сөрелерде қалып қоймай, жүзеге ассын деп ойлаймыз. Ғалымдардың жұмысы бойынша жинақ жарыққа шығады. Біздің конференциямыз Еуразия аумағындағы жас ғалымдар арасында танымал. Жас ғалымдар арасында түрлі халықаралық ғылыми конференцияларға, старт-аптарға қатысып, биіктерден көрініп жүргендері бар. Мысалы, біздің интеллектуал жастарымыз қазіргі таңда «Гугл», «Букинг» сынды ірі халықаралық компанияларда өз білімін дәлелдеді. Қазіргі уақытта Тұңғыш Президент қоры жанында интеллектуал жастардың қауымдастығы шоғырланып келеді десек болады. Елбасы бір сөзінде мемлекетіміздің дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін интеллектуал жастардың көмегі қажеттігін айтқан болатын», - деді М.Томанов.

Жиында 6 секция жұмыс істейтін болады. Онда тарих, археология, латын әліпбиі сынды тақырыптар бойынша шеберлік сабақтары оқытылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр.

Екі күндік конференция аясында Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын талқылауға арналған «Рухани жаңғыру және ұлттық тарихтың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтеді.

Конференция барысында ғылыми инновациялық жобалар көрмесі мен мектеп оқушылары арасында робототехникадан жарыс өтті. Махмут Томанов жас ғалымдардың еңбегі бизнес қауымдастықтың назарында екенін айтты. 

«Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз. Өнертапқыш студенттер арасында байқаулар ұйымдастырғанда қазылар алқасының құрамына бизнес қауымдастық өкілін кіргізуге тырысамыз. Себебі, кәсіпкерлердің өзі жас ғалымдардың инновациялық жобаларын бағалап, оның болашағына жол аша алады. Мысалы біздің жас ғалымымыз адамның түрін танитын жүйе ойлап тапты. Ол батыс елдері өндірген баламасынан 3 есе арзанға түсті»,- деді Махмут Томанов.

Конференцияның екінші күні, 24 қарашада Қазақстанның әлеуметтанушыларына арналған шеберлік сабақтары өтеді. 

Соңғы жаңалықтар