Елбасы Қазақстан халқына алғыс білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты жабылу рәсімінде Көрме өткізу идеясына қолдау білдіргені үшін Қазақстан халқына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты, ең алдымен Қазақстан халқына осы идеяны қолдағаны үшін шын ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде ЭКСПО құрылысына архитекторлар, инженерлер, құрылысшылар, менеджерлер, демеушілер, серіктестер атсалысты. Әсіресе жас волонтерлер - 4500 жастарымыз қатысып, осы жерде жұмыс істеп, көп шетелдіктерге қаламызды көрсетті. Көптеген мемлекеттер, компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосты. Баршаларыңызға айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін шын жүрегіммен алғыс айтамын. Көрмені басқаруды тапсырған компанияға, оның басшысы Есімов мырзаға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатқа келіп отырған мемлекет және үкімет басшыларына, Халықаралық көрме бюросына және барлық қонақтарға ерекше рахметімді айтқым келеді. Астана әрқашан өздеріңізді ыстық ықыласпен, аса құрметпенен қарсы алып отырады. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін! Жасасын Қазақстан!», - деп лебіз білдірді Президент.

Сондай-ақ, Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесінің Астана мен еліміздің барлық аймақтарын біріктіріп, ел экономикасының қарқынды дамуына қозғау салғанын баса айтты.

«1400-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары тауарлар мен қызмет көрсету бойынша 640 миллиард теңгеге тапсырыс алды. Мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, лайықты жалақы алды. Қазақстанның туристік секторы да жандана түсті. Туристік операторлардың қызметіне деген сұраныс екі есеге ұлғайды. Астанадағы кәсіпкерлік субъектілері 10%-ке көбейді. Қызмет көрсету саласынан елорда бюджеті 1,2 есеге артты. Қазақстан астанасы бүкіл әлемнің назарын аударған орталыққа айналды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатына арналған мультимедиялық шоу өтті. Салтанатты кеште келтірілген деректерге сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің 180-ге жуық елінен 4 миллионға жуық адам келген. Көрме павильондарын жай аралап шығуға 96 сағат қажет болған. Мұнда 3500-ден астам мәдени шара ұйымдастырылып, 33 мыңға жуық әртіс өнер көрсеткен. Көрме аумағында 100 миллион фотосурет түсіріліп, 88 жігіт өз сүйіктілеріне көңілдерін білдірген. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесінде әлем ғалымдары адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабысты таныстырған.

Еске сала кетсек, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымында басталған болатын. Ондағы «Болашақ энергиясы» тақырыбы энергетика саласының қазіргі жаһандық мәселелерін қамтиды. Көрмеге баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты.

ЭКСПО-2017 аумағындағы Амфитеатрда Қазақстанның эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы өтіп жатыр.

Көрме 11 қыркүйек күні түнгі 03:00-те толығымен жабылады.

Соңғы жаңалықтар