Елбасы: Қазақ радиосы ел Тәуелсіздігін тұғырлы етуге қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақ радиосының 95 жылдық мерейтойы аясында IV Халықаралық «Ұлы Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтіп, ән додасының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталады. Салтанатты шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын тапсырды.

«Сіздер бір ғасырға жуық уақыт бойы жаңалықтың жаршысы болып, халқымызды танымы терең, мазмұны зор хабарлармен сусындатып келесіздер. Радио қабырғасында әр жылдары біртуар тұлғалар еңбек етті. Радионың торқалы тойы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосы - ел Тәуелсіздігін тұғырлы етуге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Ел бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосуда. Бүгінгі мерейлі шақта зор денсаулық, береке-бірлік пен шығармашылық табыстар тілеймін. Жағымды жаңалықтардың жаршысы болып, Мәңгілік елдің мызғымас құндылықтарын барша халықтың жүрегіне жеткізе беріңіздер!», делінген Елбасы құттықтауында.

Атап айтқанда, радиофестивальға Қазақстан өңірлерінен және Түркиядан, Беларусь елінен, Ресейден, Украинадан 60 әнші қатысып, оның 16-сы жеңімпаз атанды.

Сонымен, «Үздік топ» аталымында «Ринго» тобы, «Жігіттер арасындағы үздік жеке орындаушы» аталымында Айқын Төлепберген және «Жылдың үздік патриоттық әні» аталымында Нұрғали Тұрлыбеков («Қазақстан» әні), «Үздік эстрадалық орындаушы» - Мөлдір Әуелбекова, «Үздік этно-эстрадалық орындаушы» ретінде Ардақ Балажанова марапатталды.

Бұдан бөлек, дәстүрлі өнер өкілдерінен Армат Исламғалиев «Жігіттер арасындағы үздік дәстүрлі орындаушы» аталымын, Зүлфия Баймырза «Қыздар арасындағы үздік дәстүрлі орындаушы аталымын иеленді.

Ал «Үздік домбырашы» атылымында Жарас Сатыбалдиев, «Үздік қобызшы» аталымында Саян Ақмолда, «Ұлттық аспаптық ұжым» аталымында «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамбілі, «Үздік этно-рок тобы» атылымында «Ұлытау» рок тобы жеңімпаз болды.
Мұнымен қоса, «Жаңа есім» аталымында Башқұртстаннан қатысқан Марсель Кутуев (Ш. Қалдаяқов «Ана туралы жыр»), украиндық Ян Костырко (Е. Хасанғалиев «Бозторғайым»), ресейлік үміткері Чингис Ли (Е. Хасанғалиев «Айналайын), Беларусь елінен қатысушы Оксана Войтешик («Сүйген жүрек»), сондай-ақ Түркия мемлекетінен қатысушы Жем Гүрдал (А. Жұбанов, «Қарлығаш») үздік танылды.

Қазақ радиосының продюсері Айнұр Сәрсенбекова «Ұлы дала дауысы» - радиофестиваль ретінде Қазақ радиосының эфирінде 2012 жылдан бастау алғанын айта келе, оның мақсаты - қазақ музыкасының заманауи, бәсекеге қабілетті төлтумалық дыбысын халықаралық деңгейге насихаттау және тыңдаушыларының талғамынан шыққан шығармалар арқылы орындаушылық өнерді марапаттауға негізделгенін атап өтті.

null null null null null  

Соңғы жаңалықтар