Елбасы Джибути Республикасының президентіне GIFA сыйлығын табыстады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Биыл исламдық қаржыландыру саласындағы жаһандық сыйлыққа (GIFA) Джибути республикасының президенті Исмаил Омар Гелле ие болды. Марапатты бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Сіздерге ислам қаржысы саласындағы жаһандық сыйлықты тапсыру мен үшін үлкен құрмет. Баршаңызды осы рәсіммен құттықтаймын! Ислам қаржысы әлемде жылдам өсіп келе жатқан индустрияның біріне айналды. Қазір оның жылдық айналымы 2 трлн доллардан асып, соңғы он жылда үш есе өскенін көріп отырмыз. 2020 жылдары бұл көрсеткіш 3 трлн-ға жетеді деген болжам бар", - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Президент аталған марапаттың Қазақстан жерінде өткізіліп отырғанына алғыс білдіріп, сыйлықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бұл сыйлық ислам қаржысын дамытудың үлкен жетістіктері үшін беріледі. Бүгінгі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі жиынымыз Қазақстанда 10 қыркүйекте өтетін Ислам ұйымының дүниежүзілік саммиті қарсаңында өтіп отыр. Осы салтанатқа қатысушылар әлемдік қаржы жүйесінің дамуына өздерінің елеулі үлестерін қосады деп сенемін», - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, исламдық қаржыландыру саласындағы жаһандық сыйлықтың құрылтайшысы -  "EdBiz Согрогаtiоn" атты ағылшын компаниясы. Ол исламдық қаржыландыру бойынша жаһандық есепті жариялап отырады.

Биылғы марапаттау рәсімі аясында аймақтық деңгейде исламдық қаржыландыруды дамытқаны үшін ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа, Татарстан президенті Рустам Минниxановқа, РФ Орталық банктің төрайымы Эльвира Набиуллинаға да арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұдан бөлек, "Үздік банкир", "Үздік ислам банкі",  "Исламдық қаржыландыру саласындағы үздік өнім" және тағы басқа 50-ден астам аталым бойынша марапаттар табысталды. 2014 жылы исламдық қажыландыру саласындағы арнайы сыйлығына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ие болған еді.

Соңғы жаңалықтар