Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық жайында: Қазақ деген халық болмаса осы жерде отырмас едік

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Бүгін АҚШ-қа ресми сапарын қорытындылап, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарих үшін 26 жыл қас-қағым сәт. Осы жылдардың ішінде біздің еліміз айтарлықтай табыстарға жетті. Әр уақытта, осындай кезеңдерде менің есімде ылғи халқым, қазағымыз тұрады. Қазақ деген халық болмаса, біз - қазақтар осы жерде қалқиып отырмас едік. Польшаның өзінің, орыстың өзінің, немістің өзінің президенті бар. Халқымыздың ауызбірлігі, алға қарай ұмтылуы, жақсылыққа деген ұмтылысы осындай дәрежеге жеткізеді. Артыңда сондай халық тұрғанда ештеңеден саспай жұмыс істейсің», - деді ҚР Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысына басшылық жасағанда толқығанын да жасырмады.

«Әрине, жаңағы жерде отырғанда толқисың. Қай кезде қазақтың баласы бүкіл әлемге осы жерден ақыл айтып еді? Бүкіл әлемде, дүниежүзінде 200 мемлекет бар. 200 мемлекеттің ішінде осы Қауіпсіздік Кеңесін басқарғандар көп емес, 70-80-ге жақындаған да жоқ. Біз өңірден ең бірінші болып осындай дәрежеге жеттік. Өзіміздің көңілімізді айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келеміз. Сенім мәселесін айттым, үлкен елдердің арасында сенім жоқ», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның бас хатшысымен кездескенін, ол да Украина, Солтүстік Корея, Иран проблемаларында Қазақстаннан көмек сұрағандай болғанын атап өтті.

«Мұның барлығы елдің абыройы, елге деген сенім. Сенім болса елге қаражат та, технологиялар да келеді», - деп түсіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар