Елбасы бастамалары жұмысшылардың көңіл-күйіне жақсы әсер береді - Бақытжан Әбдірайым

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының әлеуметтік бастамалары жұмысшылардың көңіл-күйін көтеруге бағытталған. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Еңбек нарығы: жаһандық үрдістер, мәселелер мен мүмкіндіктер» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«7-20-25» бойынша ипотекаға қатысты бірінші бастама құрылыс, өнеркәсіп және логистика нарықтарын жандандырумен қатар қор және банк секторларына зор әсер береді. Сонымен қатар жұмыссыздықты қысқарта түседі. Айта кетерлігі, «7-20-25» формуласы елімізде алғаш рет қолданылуда және ондаған мың отбасының пәтерлі болуына мүмкіндік береді», - деді конференция жұмысын ашқан Б.Әбдірайым.

Оның айтуынша, салық жүктемесін төмендету жөніндегі екінші бастама аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан шамамен 2 миллион адамға жүктеме 10 есе төмендейді.

«Келесі бастама біздің болашағымызға қатысты. 54 мың гранттың үстіне тағы да 20 мың гранттың бөлінуі тек қана 20 мың жастың тағдырына қатысты емес. Нақты деректер келтірсем, Қазақстанда жұмыссыз саналатын адамдардың басым көпшілігінің жоғары білімі жоқ. Яғни, жоғары білімі жоқтар арасындағы жұмыссыздық коэффициенті жоғары білімділерге қарағанда жоғары. Демек, жастарымыз жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін жұмыс орнын табуға кепілдік алады», - деді федерация төрағасы.

Мұнан бөлек ол жатақхана салу бастамасы да студенттерге жақсы білім алуға және отбасылық бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретіндігін баса айтты. Ал шағын несие беру көлемін арттыру бастамасы ауыл тұрғындарына өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Біз үшін газдандыру да өзекті. Газ құбырын тартудың экологиялық да тиімділігі бар. Тек елорданың өзінде ғана жыл сайын ауаға таралатын зиянды шығарындылар көлемі 35 мың тоннаға азаяды. Жалпы, Мемлекет басшысының барлық бастамалары жұмысшыларымыздың әлеуметтік көңіл-күйін көтеруге бағытталған», - деді Бақытжан Әбдірайым.

null 

Соңғы жаңалықтар