Елбасы ауыл жастарын ЖОО-ларға бір ғана шартпен қабылдауды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығына себеп болатын негізгі мәселені атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылға ветеринар және тағы басқа мамандар ауадай қажет. Қазір жастар ауылға көп барып жатқан жоқ. Негізі, ауылдың жастарын жоғары оқу орындарына бір шартпен жіберу керек. Оқудан кейін олар қайта келіп, жұмыс істеуі қажет. Солай істеген дұрыс. Әйтпесе, соңғы кезде төмен ұпай алып, басқа ЖОО-ға түсе алмағандар ауыл шаруашылығы университтеріне барып түседі. Сол жерде оларды қабылдайды. Ол универсиеттер ренжімей-ақ қойсын, бірақ жағдай солай болып тұр»,- деді Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында.

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы университеттеріне түсетін жастардың ішінде қыздар көп.

«Әрине, қыздардың көп болғаны жақсы. Бірақ олар ауылға бара ма? Әй, қайдам, бармайды. Сондықтан осы бір мәселе ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығы проблемасына әкеліп соқтырады. Қазір өз өнімдерімізді экспортқа шығарамыз деп отырмыз. Бірақ ветеринариясыз экспорт болмайды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Президенттің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өтті.   Сол жерде  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Президентке «7-20-25» бағдарламасы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды.  Мемлекет басшысы өз денсаулығына қалай қарайтынын да айтып берді.

Соңғы жаңалықтар