Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 14 °С
Алматы: 9 °С
USD 326.17 EUR 401.25
RUB 5.31 CNY 51.84
Жаңалықтар

Елбасы Астананы дамыту басымдықтарын айқындап берді

2018 жылғы 5 сәуір 23:45 1563
Бөлісіңіз:
Елбасы Астананы дамыту басымдықтарын айқындап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімдігінің ғимаратына арнайы келіп, осы жазда өтетін қаланың 20 жылдық мерейтойына дайындыққа орай келелі кеңес өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі мереке тұспа-тұс келетін жаз айларында бас шаһардың кескін-келбетімен қатар қонақтардың көңілін көтеру алаңдарының сақадай сай болуы керектігін баса атап өтті. Алдымен жиынды ашқан Мемлекет басшысы Сарыарқа төрінде, ерке Есіл бойында сән-салтанаты келіскен елордамыздың тарих үшін қас-қағым сәтте-ақ бой көтергеніне өзі де сене алмастығын ашық айтты.  Әр ғимараттың бой түзеп еңсесін тіктеуіне үлес қосқан құрылысшыларға, қаланың кескін-келбетіне шырайлы әр қосу үшін көше бойларында тынбай еңбектенген жұмысшыларға шынайы ризашылығын білдірді.

Ұқсас жаңалықтар

«Біз тарих үшін қысқа ғана кезеңде миллион тұрғыны, сәйкесінше инфрақұрылымы бар, назарын өзіне аудартатын маңызды оқиғалар өттетін, әлемге танымал қалаға айналған жаңа елордамыз - Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жиналып отырмыз. Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Осыдан кейін сөз кезегі тиген Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бас шаһарда  денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу, білім саласын ілгерілету, тұрғын үй нысандарын салу, әлеуметтік жобаларды іске асыру, жаңа энергетикалық моделді енгізу, сондай-ақ қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізу барысы туралы есеп берді.

«Халықтың өмір сүру сапасының критериясы оның денсаулығына байланысты. Негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер үнемі жақсара түспек. Әкімдік тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын және өміріне қауіп төндіретін ауруларға баса назар аударуда. Соңғы 10 жылда денсаулық сақтау бойынша негізгі көрсеткіштердің жақсы динамикасы тіркелген» , - деді Ә.Исекешев.

Оның дерегінше, инсульт орталықтарының ашылуы инсульттен болатын өлім санын төмендетті. Тек 2017 жылдың өзінде инсульттен болатын өлім 33, инфарктан болатын өлім-жітім деңгейі 36 пайызға төмендеді. Елордада денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ведомстволық бағынышты медициналық мекемелердің барлығында медициналық ақпараттық жүйелер орнатылып, олардың барлығы интернетке қосылған, ауруханалар компьютерлік техникамен жабдықталған. Халық санының артуына байланысты 2025 жылға дейін 10 емхана ашу да жоспарда бар.  Мұнан бөлек,  жыл сайын 600-ге жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі, оның ішінде ірі халықаралық жарыстар да бар. Елорда тұрғындарының 28 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Білім саласында 7 жыл ішінде елорда мектептеріндегі оқушылар саны 2 есеге жуық артып 143 мыңға жетті. Бүгінде әкімдік Үкіметпен бірлесіп, таяу үш жылда 27 мектеп пен 10 жапсарлас ғимарат құрылысы бойынша жоспар түзген. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның алтауы үстіміздегі жылы пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес құрылыс нормаларына өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта елордада мектептер 3 мыңға дейін оқушыны қамтуға шақталып салынады. Мектептердің жер телімі 3 гектардан 2 гектарға дейін қысқартылды.

«Астана жан басына қаржыландыруды енгізу бойынша ілкі қала саналады. Бұл жеке инвестиция есебінен мектеп салуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта БАӘ мен Сингапур инвесторларының есебінен 5 мың оқушыға арналған 3 халықаралық мектепті қоса алғанда бірнеше мектептің жобасы дайындалуда»,- деді ол. 

Елорда басшысының баяндамасынан кейін мәжілістің түйінді сөзін айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Өрентайұлы қаперіне де алмаған бірқатар кемшілікті тізіп берді. Мемлекет басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің лифтісінен бастап, көлік тұрағы, бей-берекетсіз салынған базарлар, көше атауларынан бастап, тозығы жетсе де қалқиып әрең тұрған үйлер, елорданы азық-түлікпен қамту, қала шегіндегі иесі болғанымен есепсіз жатқан жерлер мәселесіне қала басшылығының назарын аудартты.  Тіпті көше бойындағы тәртіпті қадағалап, көлік жүргізушілерінің жол бойындағы өрескел дөрекілігін тияды делінген «Сергек» бейнебақылау камераларының 200-і орнатылғанымен олардың не бәрі 29-ы ғана жұмыс істеп тұрғанын ашық айтты.

Сонымен, алдымен Елбасы елорда аумағында иесі болғанымен иен жатқан 13 гектар жердің бар екендігін айтып, мұндай жерлер ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаса мемлекет меншігіне қайтару қажеттігін баса айтты.

«13 мың гектар жер 10 жыл бойы пайдаланылмауда. Неге қайтарып ала алмаймыз? Нұсқау бар ғой, 2 жыл пайдаланбаса мемлекетке қайтаруы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Дәл осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, Қазақстан Президенті 2012 жылы 16 мың гектарды мемлекетке қайтару туралы тапсырма берген.  «Бас прокуратураның жол картасы бар. 6 мың гектары қайтарылды. 5 мың гектарда игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалғандары бойынша талап-шағым жұмыстары жүргізілуде. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты айтар болсам, бұл бағытта Салық кодексіне өзгертулер енгізу қажет. Аталған жерлерді басқа санатқа аударуға болады. Онда жер иелері 600 млрд теңге төлеулері керек», - деді қала басшысы.  Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені түбегейлі шешуді қатаң тапсырды.

Келесі кезекте Мемлекет басшысы Тілендиев көшесі бойындағы жабайы базардың ұсқынсыз кейпін мысалға ала отырып, оларды тәртіпке келтіру мәселесіне аударды. «20 жылдыққа дайындық осы. Мойынды жумай, бетті сулай салғансыңдар. Бұл түкпірлердің бәрі де күрделі. Көргендер: «қаласымен мақтанады, не болып жатқанын қараңдар» демей ме. Біз міне, бір-екі орынды ғана көріп отырмыз, ал қаланың басқа бөліктерінде мұндай көптеп кездеседі. Тәртіпке келтіріңдер», - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көпқабатты үйлердің лифтілерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін де айтты. Мәселен, соңғы кезде Астанада лифтілерге қатысты төрт оқиға болған. «Жалпы, бұл мәселе барша Қазақстанға қатысты (...) Адамдар лифтілерді күнделікті үздіксіз пайдаланады. Осы салада тәртіп болуы керек. Бұл тұрғыда оларды күтіп ұстау мен уақтылы тексеру үшін тәртіпке келтіру қажет. Лифтінің тексерілгені туралы, сондай-ақ ешбір үрейсіз оны пайдалануға болатындығы жайында тиісті қадағалау жүзеге асырылған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының келесі назар аударған қаладағы келеңсіздіктердің қатарында көлік тұрағына қатысты жайт болды. Мемлекет басшысы қаланың бірқатар бөлігінде көліктер кептеле қаңтарылып тұрған суреттерді мәжіліске жиналғандар назарына ұсына келе елорда әкімі отыратын ғимарат алдындағы ескі алаңда да көліктерден ине шаншар орын жоқ фотоны көрсетті. «Нұржол бульвары көлікке толып тұр, Үкімет үйі мен әкімдіктің алдында да сол жағдай. Көз алдыңда - терезеңді ашып қарасаң - бей-берекет?!», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Әсет Өрентайұлы бұл суреттің қала әкімдігіндегі алқалы жиындардың бірінде түсірілуі мүмкін екендігін айта келе: «Биыл «Әкімдік, ЦУМ алдындағы тұрақтар» атты 2 мың орындық жобалар басталады. «Нұржол» алдында ақылы автотұрақтың жобасы енгізілді», - деп ақталды.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де баса назар аударып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтен осы мәселеге қатысты есеп беруін сұрады. «Біз 20 өнім түрі бойынша терең сараптама жасадық. 12 түрі бойынша толықтай 100 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз. Олар: еттің барлық түрі, құс еті, картоп, қызылша, қияр, қызынақ. 8 түрі бойынша бізде 70 пайыз қамтамасыз етілсе, 30 пайызы бойынша нақты шараларды белгіледік. Бізде Астана төңірегінде суармалы жерлерді ұлғайту керек. Қазір елорданың төңірегінде 2 мың гектар жер дайын, құбырлары жатыр, енді жарақтандыру қажет. Сонымен қатар Нұра, Есіл арнасы маңынан да 2 мың гектар жер табамыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Осы ретте Қазақстан Президенті өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен ел нағыз тәуелсіз мемлекет саналатындығын баса айтты. «Біз ауыл шаруашылығы еліміз ғой. Біз әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз. Бізде не бар, соның барлығын сырттан алып отырмыз. Мүмкін нанды да сырттан алатын шығармыз», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік мәселесіне қатысты барлық түйткілдерді шешуді тапсырды. «Бұл сендерге үй тапсырмасы. Бақытжан Әбдірұлы (Үкімет басшысы) түсіндің бе? Орынбасарларыңмен жақсылап жұмыс істе», - деді Елбасы.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаевқа электр қуатымен жүретін экспериментальді «IVECO Heuliz» маркалы автобус көрсетілді.


Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат