Елбасы Алматы қаласының әкімін қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы республика экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қаланы дамыту мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын айтты.

- Егер қала халқы 2 миллион адамнан асса, ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Қала жаңа мүмкіндіктер туғызып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көркейіп, елімізді өркендетуге үлес қосады, - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Алматыны газбен қамту және оның экологиясын жақсарту мәселелеріне назар аударды.

- Бізге электр станциялары мен тұрғын үйлерді газбен қамту, қоғамдық және жеке автокөліктерді газға көшіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек, - деді Мемлекет басшысы.

Алматы қаласының әкімі Елбасыға қаладағы үлкен айналма автомобиль жолы құрылысының басталғанын айтып, оған 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын мәлімдеді.

- Бұл жоба іске асырылған кезде қаладағы көлік ағынын күніне 10%-ға немесе 40-60 мың автомобильге азайтуға мүмкіндік береді. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, Алматының көлік-логистика желісін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жүйесіне қосатын болады, - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар кездесу барысында өнеркәсіп орындарын қала сыртына көшіру мәселелері талқыланып, азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде Алматы қаласы әкімдігі қабылдап жатқан шаралар қарастырылды.

- Биыл 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оның ішінде Атлеттер қалашығында 1 748 пәтер берілді. Осылайша, кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, - деді қала әкімі.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

***

Алматы экономикасының өсімі жыл қорытындысы бойынша 3%-дан жоғары болады деп болжанып отыр.

Өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция көлемінің, шағын және орта бизнес субъектілері санының өсімі 3%-дан, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 2%-дан асады. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнімнің көлемі 20,7%-ға өсті.

Республикалық бюджетке алдыңғы жылмен салыстырғанда 6%-дан артық (1,3 трлн теңге), жергілікті бюджетке 10%-дан артық (372 млрд теңге) салық жиналды.

Бюджеттің 99,5%-ы игеріліп, үнемделген қаражат 1,5 млрд теңгені құрады.

Дағдарысқа қарсы үкіметтік бағдарламалар мен жергілікті шараларды іске асыру нәтижесінде 45 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Қаланың автобус паркі 2017 жылы 30%-ға жаңартылып, барлығы 500 жаңа автобус сатып алынды.

Сәулет, қала құрылысы және Алматы қаласының Бас жоспарын әзірлеу мәселелері жөніндегі «АлматыБасЖоспары» ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Үкіметпен бірлесе отырып, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағын коммуналдық меншікке беру үдерісі басталды.

«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, ЖЭО-2 нысанын газға көшіру мәселесі қарастырылуда.

Халықаралық әуежайды кеңейту және жаңғырту аясында 3В жаңа ұшу-қону жолағы салынып, VIP терминал құрылысы үшін ескі ғимараттар бұзылды, сондай-ақ жаңа ғимараттың эскизі әзірленуде.

93 студенттік жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсартылды. Бүгінде 2 мың орынға арналған 4 жатақхананың құрылысы аяқталуда.

Соңғы жаңалықтар