Елбасы АХҚО судьяларын тағайындайды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әділет министрлігі сот жүйесі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметін, Конституциялық Кеңес, мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында Конституциялық заң жобасын әзірледі. Атап айтқанда, сот жүйесін жетілдіру тұрғысында тиісті түзетілер ұсынылды. Облыстық соттың судьясы лауазымына кандидат үшін жазбаша кепілгерлікке облыстық сот судьялары қол қояды. Егер конкурсқа басқа облыстық судьясы қатысса, онда жазбаша кепілгерлікке Жоғарғы соттың судьясы қол қояды», - деді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» конституциялық Заңға да қажетті өзгерістер енгізу көзделген.

«Конституцияға сәйкестендіру мақсатында Астана қаласының шегіндегі аумақта қолданылатын ерекше құқықтық режім қаржы саласында екені нақтыланады. Орталықтың органдары ретінде Орталықты басқарушы және халықаралық төрелік орталығы қосылады. Орталыққа бөлінген бюджет қаражатын пайдалануды бақылау тәртібін Қаржы министрлігі мен Орталықтың басқарушысы бірлесіп жүзеге асыратын болады», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

«Орталық сотының төрағасы мен судьяларын АХҚО басқарушысының ұсынысы бойынша Елбасы тағайындап, қызметінен босатады», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, судьялар Қазақстанның немесе басқа да мемлекеттердің азаматтары болу мүмкін. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторларға қолайлы болуы үшін судьяларға ағылшын құқығын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Осы ретте судьялар бұл бағытта тиісті біліктілік пен тәжірибеге сай болады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар