Ел мен жер мүддесін бәрінен биік қоямын - Әлия Дәулетбаева

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қолға алынған «100 жаңа есім» жобасына ұсынылғандардың бірі - атыраулық ақын Әлия Дәулетбаева. Онымен «ҚазАқпарат» тілшісі Оралға келген сәтінде тілдескен еді.

-Әлия Бекежанқызы, өмірдегі басты арман-мақсаттарың қандай, алдымен соған тоқталсаң?

-Арман дегеніңіздің өзі абстрактілі ұғым ғой... Пауло Коэльоның мына бір сөзін психолог пен философ атаулы аузынан тастамайды. «Егер сен бір нәрсені қатты қаласаң, Жаратылыстың бүкіл құдірет-киесі арманыңды орындауға атсалысады». Мен осыған сенемін. Өмір сапарымда қатты аңсап қол жеткізген жетістіктерім мен жеңістерім - бұған айғақ. Отбасым мен өзімнің жайлылығым, еркіндігім үшін қойылған мақсат-мұраттарым барын жасырмаймын. Бірақ ел мен жердің мүддесі дегенді бәрінен биік қоямын. Сондықтан да ең үлкен арманым мемлекетімнің мәртебесі деп білемін. Осы елдің ұл-қызын әлем таныса, жетімі жыламаса, қазынасы талан-тараж болмаса екен деген тілектемін.

-Туған жерің, өскен ортаң жөнінде айтып кетсең?

-Мен Атырау облысының Индер ауданында баяғы Кеңес одағы кезінде атағы бүкіл Одақта дүрілдеп тұрған миллионер «Передовик» кеңшарында, Өрлік ауылында дүниеге келдім. Аса бір қонақ күту мәдениеті аңыз болған, көшелері оқтай түзу, жасыл желекке бөленген ажарлы мекен. Біздің ауылдан бес бірдей Социалистік Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың қос лауреаты шыққан. Бауырымызды жерден көтергеннен бақытты тек қана еңбектен табуға болады деген қағида құлағымызға сіңісті болды. Одақ тарағаннан соң нарықтың соққысынан әупірімдеп шықса да, келбеті мен көшелілігін жоғалта қоймаған сол ауылда өсіп-жетілдік. Шын мәніндегі алаңсыз бақытты балалықты бастан кешірдік. Индер топырағы Махамбет, Малайсары, Мұраттан кешегі Табылға дейінгі адуын жыраулардың мәңгілік тыныс тапқан алтын бесігі ғой. Әр тасын, әр төбесін солардан жеткен махаббатпен сүюге тырысып жүрміз. Жалпы, мен өзімді нағыз патриотпын деп есептеймін.

-Фариза апаны ұстаз тұтқан қазақтың ақын қыздарының бірісің, осы жолда қандай биіктерге жеттім деп ойлайсың?

-Фариза апамыз - бүкіл қазақтың өлеңсүйер көгөрімін руына, жеріне қарамай, бірдей жақсы көріп, қамқорлық жасаған адам. Сондықтан да апамызды өзіне ұстаз тұтатын қыз-жігіттер өте көп. Олар - рухани анамыздың махаббатына теңдей ие болғандар. Мен де ғұмыр сапарымда сол кісінің шапағат-шуағын көргеніме шексіз ризамын. Ол бізге өлең жазуды үйреткен жоқ. Өлеңге адал болуды үйретті. Ол кісі жөнінде жазылған естелік-эсселерімде айтып жүрмін. 

    Мен ол кісіден алған тәрбиемнің ең бастысы - өзімнен кейінгіге қамқорлық таныту. Осы мақсатта өткен жылы «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубын құрдық. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәдениет басқармасы үлкен қолдау білдірді. Қалам ұстаған жастардың басын қосу, шығармашылығын насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жасалып келеді. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Ф.Оңғарсынова кабинеті ашылды. Жүрегінде сәулесі бар жастар іздеп келіп жатады. Кеңес сұрайды. Сондай сәттерде өзіңнің өмірге босқа келмегеніңді сезінесің. Әйтпесе, өлеңді өзің үшін жазасың ғой. Ол үшін біреуден ақы-пұл сұрамайсың. Жылап алған, сұрап алған атақ-абырой қайыршының нәпақасындай кемдігүнгі нәрсе деп білемін.

-Әдеби ортадан алыс жүру қиын ба, әлде ақынға бәрі бірдей ме?

-Қазір әдеби орта деген ұғым бар ма өзі?.. «Алматыдан алыста... Астанадан жырақтау...» деп өлең жазыппын бір кезде... Мұның бәрі бір сәттік көңіл-күй ғана. Өлеңге орта не үшін керек? Мақтау-мадақтау үшін, бәсекеге түсу үшін әрі кетсе... Мен үшін өлең - тәңірінің берген сыйы. Яғни, ақын - құдайдың назары түскен адам. Бірақ соны кім қалай түсінеді?.. Әңгіме сонда! Мен әдеби ортаны аса қажетсінбеймін. Менің ортам - менің өлеңім, менің Музам және менің қайшылықтарым. Бір нәрселерге миым жетпей, қиналып кеткенде, төрелігіне жүгінетін алып ағаларым бар. Екеуі де - қазіргі қазақ әдебиетінің маңдайлары. Екеуі де Алматыда не Астанада емес.

-Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасына сәйкес не тындыру керек деп білесің?

-Елбасының аталмыш бағдарламасы азаттық алған ширек ғасыр ішінде халық үшін, соның ішінде зиялы қауым үшін зарығып күткен үміттің шырағы жанғандай дүние болды. Алпауыт көршілер бар, алуан амбицияның қайнаған қазаны бар, бұл ширек ғасыр тарих үшін аз болғанмен, шын мәнінде үлкен оқиғалар жылы болды. Үміт пен күдік арбасқан жылдар болды. Мақтанышың мен өкінішің тең түскен сәттерді өткіздік. Экономика мен саясаттың небір сұрқылтайына сынып та, сырғанап та кете жаздап, еңсе тіктегенде ұлт үшін бір жұтым ауадай қат боп тұрған осы рухтың бостандығы еді. Сол леп дуалы ауыздан шықты. Дертке дәру болса екен деп дұға қылдық. Науқаншылықтың көлеңкесінде қағаз бетінде көпіріп тұрып қалмаса екен. Тіл мен туған жер үшін, ата-баба аманаты үшін, ұлттың намысы үшін Елбасымыздың атап айтқан сөзінің бәрі ақиқаттың алдаспанындай болды. Бұл - бізге нағыз керек кезде келген сый.

Мен үшін ұлттық код деген - Махамбет пен Абай, Құрманғазы. Намыс пен тереңдік, дархандық.

Бағдарламаны орындау үшін штабтар құрылып, ауқымды іс-шаралар жасақталып, орындауға кірісіп кеттік. Жылдардың шеңберінде қалып кетпей, мемлекетпен бірге жасайтын ғұмырлы мақсат болса екен деп тілеймін. Әйтпесе, берген тапсырманы орындап, жоғарыға есеп берумен ғана шартты түрде орындалып жатырған қаншама нәрселер бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы - жөні бөлек, құны келер ғасырлардан сұралатын бағдарлама. Біз бұл бағдарламаны жүзеге асырғанымыз туралы тарих алдында, ұрпақ алдында есеп беретін боламыз әлі...

-Соңғы сауал, ақын-ана ретінде ұрпақ тәрбиесі жөнінде не айтар едің?

-Өлеңді өзім үшін жазамын деп жоғарыда айттым ғой. Өмірге ұрпақ әкелгеннен кейін оның жауапкершілігі деген болады. Бұрын Фариза апамыз айтатын: «Дүниеге бала әкелер алдында, сол балаға лайық білім мен тәрбиені бере аласың ба? Соны ойла» деп... Құдай көпсінбесін, төрт перзентім бар. Тұңғышым студент атанып үлгерді. Әрқайсысының өз мінезі бар... Арман-мақсаты бар. Аш-жалаңаш қалады деп емес, осылардың жүрегін ешкім ауыртпаса екен деп тілеймін. Өзімнің өмірімде жақсы адамдар көп жолықты. Балаларымның да жолы болуын тілек етіп келемін. Араласатын ортасын қатты қадағалап отырамын. Адамға жақсылық та, жамандық та жолдасынан жұғады деген қағидаға қатты сенемін.

Кейде «Мен қандай анамын» деген сұрақ қоямын өзіме. Ақынның еркіндікке ұмтылғыш рухы мен отбасындағы парасатты ана образы сыйыспай қалатын кездер болады. Сондай кездерде қиналып кетемін. Бірақ менің өмірлік жардан жолым болды. Балаларымның әкесі өте сабырлы, салқынқанды адам болғандықтан, сабама тез түсіп жүремін. Бала тәрбиесіне бірдей араласады. Бірімізде жоқты біріміз толыстырып жатамыз. Ең бастысы, балаға керегі -отбасындағы жайлылық, гармония. Құдайға шүкір, біз оларды махаббатпен өсіріп жатырмыз.

Айта кетейік, Әлия Дәулетбаева 1977 жылы дүниеге келген, ақын, «Сол бір сәуле», «Жандауыс» өлеңдер кітаптарының авторы, көптеген халықаралық және республикалық жыр мүшәйралары мен байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері, соның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық жыр байқауында Салқам Жәңгір атындағы сыйлықты еншіледі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің І орын иегері, 2016 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Көктем шуағы» мерекелік қабылдауында болған, 
2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар