Ел мен жер атаулары - ұлттық тарихи санамыздың қайнар көзі - Жаңабек Жақсығалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда ономастикалық бірліктерге атау беруге жарияланған мораторийдің алынуына байланысты елімізде көшелерге, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар мен мекемелерге атау беру мәселесі ширығып тұр. Осыған орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, БҚО ономастика комиссиясының мүшесі Жаңабек Жақсығалиев ҚазАқпарат тілшісіне өз ой-толғамын былайша білдірді.

Оның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары қалалар мен елді мекендерге, ауылдар мен көшелерге тарихи атаулар беру мәселесі республика көлемінде біртіндеп шешілуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі ел ордасын Астанаға көшіргенде ондағы көшелердің дені кешегі кеңестік кезеңді еске түсіретін, «қаны шашыраған» қызыл коммунистік атаулармен тұрғанына (Октябрь, Коммунист, Революция т.б.), ономастикалық саясатты ешкімге жалтақтамай батыл жүргізу керектігіне жұртшылықтың назарын аударған болатын. 

Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласында да осыған қатысты нәрселерде айтарлықтай игілікті біраз іс-шаралар атқарылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаһардың орталығындағы отыз екі көше бір күнде өзгергені мәлім. Бұл айтулы жаңалық еді. Өйткені бұл өңір - отарлаудың өтінде болып, жер-су, елді мекен, көше, т.с.с. атаулар әбден алашұбарланған өлке. Сәйкесінше жүзеге асырылатын шаруалар әлі шаш етектен.

Тарқатып айтқанда, бұл мәселенің облыстық ономастика комиссиясы мүшесі ретінде байқаған осал тұстары төмендегідей.
Біріншіден, қазіргі кезде кеңес үкіметі тұсындағыдай ұраншыл, жадағай, саясатшыл атаулар да кездеседі. Мысалы: «Үлгілі», «Жаңа тұрмыс», «Жаңа өмір» т.б., екіншіден, көше атауларында еліміз бойынша қайталаулар көп. Мәселен, «Астана», «Бәйтерек», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік» т.б. Үшіншіден, кісі есімдерін шектен тыс қою (атау), төртіншіден, біз кей жағдайда жер-су атауларын асығыстықпен, толық зерттеп алмай, әйтеуір қазақшалау керек деп ауыстыра салуға жол беріп отырмыз.

Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып жатпай, кісі есімдерін шектен тыс қою, соның ішінде біздің бүгінгі мақаламыздың айдары ретінде алынған «атасының есімін ауылға, көкесінің есімін көшеге» беру мәселесіне қарай ойысайық.

Сөзімізге тұздық ретінде бір-екі мысал. Қаратөбе ауданына Аққозы батырдың немесе сол ауданға қарасты Аққозы ауылындағы «Бейбітшілік» көшесіне Ж.Байтуриннің, Казталов ауданының Көктерек мектебіне тек сол өңірге ғана белгілі Сақып Ақбаевтың, сондай-ақ Сырым ауданының Қособа ауылдық округіндегі мектепке тек Жымпиты өңіріне ғана танымал Нөкен Молдашевтың есімін беру сияқты ұсыныстардың түсуіне байланысты аталған елді мекендерде Тіл басқармасының ұйымдастыруымен алқалы жиындар өткізіліп, жергілікті тұрғындармен ономастика мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Әрине, бұл ұсынылған есімдердің өз туған топырағында танымал және белгілі дәрежеде елге еңбегі сіңген жандар екеніне ешкімнің таласы жоқ және олар ұсынушылардың «екі туып, бір қалғаны» да болмас.

Мәселен, Аққозы батырдың жөні тіпті бөлек. Тарихи тұлғаның атында кезінде халықтың өзі қойған тарихи атау һәм жайлы қоныстың бар екенін ескерсек, жылдар бойы халықтың құлағына әбден сіңген, әп-әсем естілетін «Қаратөбе» атауын «Аққозыға» ауыстырудың қаншалықты қажеті бар?!

Тек Батыс Қазақстан ғана емес, республикада белең алып отырған келеңсіз құбылысқа 2014 жылы қараша айында Қарағанды қаласында өткен «Жаһандану бағытындағы ұлттық ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға барғанымызда куә болдық.

ҚР Сенатының депутаты, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Жабал Ерғалиев аталған жиында жасаған баяндамасында «Тереңірек ойласақ, ат пен атау беру қазақ қоғамы үшін бәсекеге айналып бара жатқан жоқ па деген ойға келеміз. Бұл, бір жағынан, өзіміздің парықсыздығымызға, ата-баба атын оздырып, даңқын асыруға деген көзсіз құлшынысымызға ұрындырып жатқандай болады. Ешкім білмейтін, тарихта аттары қалмаған ата-бабасының, ағайын-туысының есімін беру үрдісін немен түсіндірер едіңіз?!» - деген еді.

Тарихи тұрғыдан келсек, көшеге атау беру кәсіби біліктілік пен терең білімді, парасат-пайымды қажет етеді. Мұндағы жіберілген сәл жаңсақтықтың өзі ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға кедергі жасайды. Оның үстіне біздің бүгінгі қоғам - ұлттық тарихи санасын жаңартып һәм жаңғыртуға бет алған, бейнелі тілмен айтсақ, ұзақ жылдар бойын жайлаған «жарасы қарақотырланып», дертінен бірте-бірте сауығып, құлдық санадан арыла бастаған қоғам.

Азаттық ономастикасына бірнеше мақалалар арнаған, тәжірибелі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясысының мүшесі Ханкелді Әбжановтың ономаст ғалымдарға жол сілтер ғылыми тұжырымдары ерекше назар аударарлық. «Келіп түскен ұсыныстарды сараптау барысында қазіргі қоғамымызға кемел ономастикалық сана мен мәдениет орнықпай жатыр-ау деген ойға қаласың, - деп тұжырымдайды Х.Әбжанов, - Біздің қандастарымыз анаған да, мынаған да кісі есімін беруге құмар. Ұсынғандары лайық болса әңгіме жоқ қой».

Оқырманға түсінікті болу үшін мына нәрсенің басын ашып айтқымыз келеді. Облыстық ономастикалық комиссияға көше атауларын өзгерту жөніндегі ұсыныс негізінен жергілікті ауылдық, аудандық, қалалық жерлерден түседі. Ал ереже бойынша облыстық ономастикалық комиссия жіберілген ұсыныстарды қолдап дауыс береді немесе мемлекеттік талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ұсынылған атау кері қайтарылады.

ҚР Үкіметінің «ҚР кәсіпорындарды, ұйымдарды, мекемелерді, темір жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық обьектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібін бекіту туралы» (1996 жылғы 5 наурыз) №281 Қаулысының 4-тармағында «аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және ҚР мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап бес жыл өткен соң олардың есімдері беріледі» - деп «соқырға таяқ ұстатқандай» атап көрсетілген. Иә, заң талабына бас имеу мүмкін емес.

Осыны біле тұра кейбір ағайынның «өз жақындарын» қайта-қайта комиссияға тықпалауы ұлт зиялыларын алаңдатып отыр. Тағы бір назар аударарлық нәрсе, ұсынылатын атау мен көшенің болмыс-бітімі бір- біріне сай болғанын ерекше қадағалаған жөн.
Осының боларын алдын-ала болжағандай кемеңгер Ә.Кекілбаев осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын аталған мәселеде, ең әуелі егжей-тегжейлі ойластырылған ғылыми концепция керек екендігін және сол негізде осы орайдағы барлық шараларды бірден шешетін құқықтық құжат қабылдау қажет екенін дөп басып айтқан. «Әйтпесе, бүгін мына қаланың, ертең ана селоның атын өзгертеміз деп жүріп, дау үстіне дауды көбейте береміз. Маған салсаңыз, мәселен, қалаларды тарихи адамдар атымен атаудан мүлде бас тартқан жөн болар еді.

Арғы-бергі тарихта мұндай оспадарлыққа барған ежелгі Рим императоры Константин (өз атына Константинопольді, әкесінің атына Феодосияны, шешесінің атына Латнияны атап жүрген сол ғой!) мен орыс падишалары ғана. Ондай жаман өнегеге біздің тұсымыздың коммунист басшылары да мықтап бой алдырды. Сөйтіп, географиялық карталарымыз жалақы төлейтін табельдей адам фамилияларына толып кетті, - деп тұжырымдайды Ә.Кекілбаев, - Сондай ат иемденгендердің мәңгі өшпестей ұлы, иемдене алмай қалғандардың ұлы бола тұрып жерде қалып жатқанын көрген жоқпыз. Гомер атында бір қала жоқ. Содан ол ұмытылды ма? Толстой атында бір деревня жоқ. Содан ол ұмытылды ма? Гетеге, Гейнеге, Байронға, Дантеге немістер, ағылшындар, итальяндар жек көргендіктен қаланың атын бермей жүрген жоқ шығар. Жер-суды да халықтар секілді тарих қандай ат берсе, сондай атаумен атау керек. Ал, даңқты тұлғаларға сіңірген еңбегіне лайық көше, алаң, кітапхана, мектеп, кәсіпорын, стипендия, сыйлық атайық. Қысқасы, бұл салада да егжей-тегжейлі ойланып, мәселені үздік-создыққа ұрындырмай, бар деңгейде бір кезеңде шешетіндей қапысыз шешім қабылдауымыз керек сияқты (Лениншіл жас», 20 наурыз 1990 жыл; Кекілбайұлы Ә. Азаттықтың ақ таңы. - Алматы: Қазақстан, 1998. - 145-146бб.).

«Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйсек, ауыл арасына белгілі жандарды асыра мадақтап, оларды әсіре ұлықтау һәм ел-жер, көше, мекеме атауларына ұсыну қазіргі ережеге қайшы. Ал, алты алашқа әйгілі ұл-қыздарымыз жөнінде әңгіме басқа. Біздің басты мақсат ономастика саласының майталмандарының ой-байламдарына иек артып, мәселенің байыбына бару, қалың бұқарамен ой бөлісу ғана. Қалай болғанда да ел мен жер атаулары - ұлттық тарихи санамыздың қайнар көзі. Сондықтан ол асығыстықты емес абайлауды, тездетуді емес, тиянақтылықты, сабыр мен сарабдалдықты талап етеді», деп түйіндеді ойын тарихшы-ғалым.

Соңғы жаңалықтар