«Ел еркесі - Есенқұл» атты байқау жарияланды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Айтыста ақпа, жазбада шақпа болған белгілі ақын, айтыскер Есенқұл Жақыпбековтің құрметіне арнайы байқау жарияланды. Додаға 15-35 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс шарттарына сәйкес, қатысушы Есенқұл Жақыпбековтың сөзіне жазылған бір әнді және өз қалауы бойынша тағы бір ән орындауы керек. Бәйгеге тігілген жүлде қоры салмақты. Бас жүлде - 500 мың, І орын - 300, ІІ- 150, ІІІ - 100 мың теңге. Сондай ақ Есенқұл Жақыпбековтың сөзіне жазылған «Жаңа ән» номинациясына арнайы жүлде 100 мың теңге тігілген.

Байқауға қатысушылар 20-шы ақпанға дейін өтініштерін қалдыруы тиіс. Дода 23-ші ақпан күні өтеді. Ал келесі күні жеңімпаздарды марапаттау рәсімі, сонымен қатар гала- концерт ұйымдастырылады. Қарасай аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гауһар Көкебаеваның мәліметінше, жарысқа Қарасай ауданының әкімдігі ұйытқы болуда. Дода тұңғыш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар хабарласып, ниет танытуда.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының лауреаты, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, танымал ақын Есенқұл Жақыпбек алпыс жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1954 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. Айтыс аламанында отыз жылдан астам уақыт тер төгіп, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанған дарын иесі. «Біздің елдің жігіттері», «Алдай-ау» сынды көптеген әндерін халық сүйіп тыңдайды. Ақынның 100-ден аса өлеңіне ән жазылып, жинақ болып жарық көрген.

Соңғы жаңалықтар