Ел экономикасында өсім бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында еліміздің ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Онда еліміздегі инфляциялық процестер бәсеңдеп, валюта нарығындағы ахуал тұрақтанып келе жатқандығы бизнестің инвестициялық белсенділігі мен елдің халықаралық резервтерінің өскендігі сөз болды. Бұған экономиканы әртараптандыру жөніндегі бағдарламалар мен жоспарларды іске асыру, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар өз септігін тигізгені сөзсіз.

Отырыста негізгі баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, экономика ісіміне құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы және өңдеу өнеркәсібіндегі оң серпін өз септігін тигізіп отыр. Дегенмен, кен өндіру өнеркәсібінде 4,4 пайызға төмендеу байқалады. Бұл мұнай  өндіру 4,4, көмір 6,4 және темір кенінің 14,7 пайызға дейін қысқаруымен байланысты орын алған жайт.

«Индустриялық бағдарламаның арқасында бүгінгі күні кен өндіру өнеркәсібіндегі төмендеу өңдеу салаларындағы оң серпін есебінен толығып отыр. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,6 пайызды құрады. Өңдеу бөлінісінде металлургия өнімдерін өндіру 7,8, ағаш бұйымдары - 8,7, тамақ өнімдері - 3,5, дәрі-дәрмек препараттары - 2,1, резеңке және пластмасса - 1,8, сондай-ақ мұнай өңдеу - 0,4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімге машина жасау саласындағы 18,6 пайыздық төмендеу тежеуші ықпалын тигізуде»,-  деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, өңірлік бөліністе өнеркәсіп өнімдері шығарылымының өсімі 9 өңірде, ал төмендеуі - 7 өңірде тіркелген. Мәселен, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында өнеркәсіп өнімдерін шығару көрсеткіші жоғары болып тұр. Ал өнеркәсіп өнімдерін шығару төмен өңірлер қатарында Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бар.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру 7 пайызға ұлғайған. Соның есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өс імі 4,9 пайызды құрады. Мал шаруашылығы өнімдерін шығару 2,5 пайызға өсті.

«Ағымдағы жылы дәнді дақылдардың рекордты өнімі жиналды. 24 қазандағы жағдай бойынша гектарынан 15,4 центнер өнімділік кезінде 23,6 млн. тонна астық бастырылды, бұл өткен жылғы деңгейден гектарына 2,4 центнерге немесе 18,1 пайызға жоғары», - деді ол.

Құрылыста да оң серпін бар. Бұл саладағы жұмыстардың көлемі тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 6,9 пайызға ұлғайған. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлерді пайдалануға беру 13,6 пайызға артып, 7,2 млн. шаршы метрге дейін өскен. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру 26,0 пайызға және жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру 4,4 пайызға артқан. Ағымдағы жылғы 9 айында мемлекет қаражаты есебінен 617,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалпы құрылыс көлемінің өсуі республиканың 8 өңірінде байқалады. Құрылыстың ең жоғары қарқыны Атырау облысында және Астана қаласында тіркелген.

«Ағымдағы жылғы 9 айда инвестициялардың көлемі 4,1 пайызға өсіп, 5,1 трлн. теңгеге дейін артты.  Өсу «Нұрлы жол» және «ИИДМБ» бағдарламаларының аясында индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға негізделген. Өткен жылдың осы кезеңінде инвестициялардың өсуі 3,5 пайызды құраған болатын», - деді министр.

Бишімбаев дамушы нарықтарға капитал ағынының жалпы төмендеуіне қарамастан жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың оң серпінін де атап өтті. Оның сөзіне Шетелдік инвестициялардың таза ағыны есепті кезеңде 5,7 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылғы нақтыланған деңгейден 4,4 есеге жоғары). Тікелей шетелдік инвестициялардың қомақты үлесі жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Бұл ретте шетелдік инвестициялардың үштен бірге жуығы, яғни 2,9 млрд. доллары геологиялық барлау жүргізуге, 2,2 млрд. доллары мұнай мен табиғи газ өндіруге, 1,2 млрд доллары металлургия өнеркәсібіне жұмсалған.

Министр кәсіпкерлікті қолдау үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген кредит беруге едәуір мемлекеттік қаражат бөлініп жатқандығын да атап өтті. Қабылданып жатқан шаралар ШОБ субъектілерін кредиттеуді жыл басынан бері 2,8 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берген.

Инфляциялық күтілімдердің төмендеуінің аясында Ұлттық банк ағымдағы жылғы базалық мөлшерлемені ағымдағы жылдың ақпанындағы 17 пайыздан қазанда 12,5 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті. Бұл экономикаға барлық жаңа берілген кредиттер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесін 2016 жылғы қаңтардағы 20,7 пайыздан тамыздағы 15,7 пайызға дейін төмендетуге септігін тигізді. Банктерді қорландыру базасы ұлғаюда - жыл басынан бері депозиттер көлемі 8,1 пайызға артып, 17,3 трлн. теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің үлесі 31 пайыздан 41 пайызға дейін артты.

«Елдің сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылғы сегіз айда 28 пайызға, 38,4 мрлд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Экспорт 23 млрд. АҚШ долларын және импорт 15,4 млрд. АҚШ долларын құрады»,-  деді Бишімбаев.

Ұлттық экономика министрі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы аясында Ұлттық банктің алтын-валюта резерві де өсіп жатқанын баса айтты. Оның деректеріне сәйкес, жыл басынан бері алтын-валюта резерві 12,7 пайызға, яғни 21,4 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Бұл 2012 жылғы шілдеден бастап соңғы 4 жылдағы ең жоғарғы мән болып отыр. Елдің халықаралық резервтері 95,8 млрд. АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 4,8 пайызға артты. Оның ішінде Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 1,4 пайызға өсіп, 64,4 млрд. АҚШ долларын құрады.

Бишімбаев инфляциялық процестердің бәсеңдеуі байқалып отырғандығын, қыркүйекте инфляция 0,2 пайызға дейін бәсеңдегендігін атап өтті. Жалпы, 2016 жылдың басынан бастап инфляция  5,6 пайызды құраған. Азық-түлік тауарларының бағасы 4,9, ақылы қызметтер 5,3, оның ішінде реттелетін қызметтер 7,6 пайызға өсті. Өңірлік бөліністе 7 өңірде инфляцияның орташа республикалық деңгейден асып кетуі байқалады. Ең жоғары инфляция Маңғыстау облысында 7,2 пайыз деңгейінде, Астана қаласында 6,6 және Оңтүстік Қазақстан облысында 6,4 пайыз деңгейінде тіркелген. 2016 жылғы қыркүйек айындағы жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құраған. Жалпы, 2016 жылғы 9 айдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарғанын көрсетіп отыр. Бұл негізінен «Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын», «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасын, «Агробизнес - 2020» бағдарламаларының тиімді іске асырылуы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шараларының есебінен қамтамасыз етілген.

«2016 жылы экономиканың оң өсуін кем дегенде 0,5 пайыздық деңгейінде қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметі ағымдағы жылғы ақпан және маусымда сомасы 972,8 млрд. теңге болатын қосымша дағдарысқа қарсы шаралардың 2 топтамасын қабылдады. Дағдарысқа қарсы қаражат экономиканың базалық салаларын, кәсіпкерлікті қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және ұлттық жобаларды іске асыруға дамытуға бағытталды», - деп түйіндеді сөзіне Бишімбаев.

Өз кезегінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ел экономикасы өсімінде оң серпін байқалатындығын атап өтті.

«Көріп отырғанымыздай, 9 айдың қорытындысында экономикалық өсімнің оң тенденциясы бар. Біз жыл соңына дейін Мемлекет басшысының өсімді 0,5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға барлық мүмкіншілік бар. Бұл ретте біздің бұл жоспарды орындайтындығымызға еш күмән жоқ. Бұл ретте инфляция дәлізін 6-8 пайыздық межеде ұстап тұруға, сақтауға және онымен жұмыс істеуге тиіспіз. Бірқатар түзетулер болуы мүмкін. Бірақ, қалай дегенде де тапсырма жүктелді және ол орындалуы тиіс. Мемлекет басшысының орталық органдармен және әкімдіктермен бірлесе отырып резервтермен жұмыс істеуіміз қажеттігі туралы тапсырмасы бар. Біз оларды білеміз. Сонымен қатар әрбір кәсіпорынмен жеке жұмыс істеу керек», - деді Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар