Ел дамуы өзгерісті талап етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Жолдаудың алдында ғана Пре­зидент Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде хал­қымызға Үндеу жариялағаны белгілі. Онда уақыт талабына орай мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселесі көтерілген еді. «Реформа екі негізгі ба­ғыт бойынша іске асады, - деген еді Елбасы осы Үндеуінде.

- Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілет­тіктерін Үкіметке және басқа да ат­қарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Екіншіден, ...билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету керек. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парла­менттің рөлін күшейтеміз».

Әрине, бұл реформалардың бәрі де Конституцияның тиісті баптарын өзгерту, оған тиісті толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Осыған байланысты, үстіміздегі жылдың 26 қаң­тары мен 26 ақпаны аралығында ел Конс­ти­туциясының жекелеген баптарына өзге­рістер енгізу жөніндегі жоба бойынша бүкілхалықтық талқылау өткізіліп, 2017 жылғы 3 наурызда халықтан түскен ұсыныстар мемлекетіміз Парламенті Пала­таларының бірлескен мәжілісінде қолдау тапты. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап көрсетті. 

«Менің Жарлығыммен әзір­ленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкіл­халықтық талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды», - деді Елбасы. Ең бастысы, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Сондай-ақ экономиканы тікелей басқару жө­ніндегі өкілеттіліктер берілетін Үкі­меттің дербестігі артады. Және де құқық қорғау мен сот жүйесінің кон­ституциялық негізі жаңартылады. Заң­дардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қор­ғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қа­ланады. Конституциялық бақылау жүйесі де нығая түседі. Тәуелсіздігіміздің, бір­тұ­тастығымыздың, аумақтық тұтас­тық пен басқару нысанының өзгер­мейтініне конс­титуциялық деңгейде берілетін ке­піл­дік күшейе түседі.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев осы жиында биліктің барлық тармағының жоғары кәсі­билігін, олардың өзіне жауапкершілік алып, шешім қабылдай алатын қабілеті артатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті президенттік бас­қару жүйесінің сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді. Қос палаталы Парламенттің бірлескен отырыстарында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, ол 6 наурыздағы бірлескен мәжілісінде екінші рет талқыланып қабыл­данды.

Жолдауда айтылған Қазақстанның үшін­­ші жаңғырылуы Конституциядағы өз­ге­рістермен баянды болатыны бүкіл елдің болашаққа деген сенімін арттырып, көңіл­дерін орнықтыруда. Бұл бағыттағы өзгерістер өз кезігінде ел дамуына ерекше серпін беріп, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндікті арттыра түсетіні кәміл. 

Соңғы жаңалықтар