Ел болашағы білімді ұрпақ қолында - Білім және ғылым вице-министрі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Целиноград ауданында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қосшы селолық округіндегі №2 орта мектепте өткен жиында сөз сөйлеген Бибігүл Амангелдіқызы Елбасының Жолдауында айтылған бес басым бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдан бастап білім саласына енгізілген бірқатар өзгерістерге де тоқталып өтті.


«Маңызды құжат әлеуметтік саясатқа, халықтың әл-ауқатын, адами капиталдың сапасын арттыруға негізделгені белгілі.Сол себепті де мектепке дейінгі білім беру және оқытумен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру, мамандарды қайта даярлау сияқты маңызды мәселелерге басты назар аударып отырмыз. Кезең-кезеңмен үш тілде білім беруге көшу, тегін кәсіптік-техникалық білім жүйесі жобасын іске асыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет пен Парламенттің алдына қойған басты тапсырмалары болып табылады. Елжанды ұрпақ тәрбиелеп қана қоймай оқушыларды жан-жақты дамыған, заманауи технологияларды меңгерген, білімді азамат ретінде қалыптастыру басты мақсатымыз болуы керек. Себебі, ел болашағы білімді ұрпақ қолында»,- деді вице-министр.


Сонымен қатар, кездесу барысында  ұжым қызметкерлері көкейде жүрген көптеген түйіткілді мәселелерді ортаға салып, сан сауалдарға тұщымды жауап ала алды.

Бұдан кейін вице-министр Бибігүл Асылованы  білім мекемесінің тыныс-тіршілігімен облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова жақынырақ таныстырып шықты. Осындай кездесулер аудан орталығындағы «Interget Solution», «Sky Express Elevator Kz», сонымен қатар, «KAZYNA SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде өтті. 


Соңғы жаңалықтар