ЕҚЫҰ делегациялары Қазақстанның ұйым аясындағы қызметін жоғары бағалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы 1 ақпанда ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысында үш комитеттің - ЕҚЫҰ Қауіпсіздік, Экономика және қоршаған орта және Гуманитарлық комитеттерінің төрағалары 2018 жылға арналған жұмыс бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта комитетінің төрағасы ретінде қатысушыларды комитеттің жұмысы биыл жасыл даму, өңірлік интеграция, Еуразиядағы транспорттық дәліздер, дағдарыс аумағындағы қоршаған орта мен ақылды қала тақырыптарына арналатынын хабарлады.

Қ. Сарыбай экономика және қоршаған орта өлшемнің конструктивті әлеуетін жүзеге асыруға және былтыр желтоқсанда Венадағы ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің экономикалық қатысу туралы қабылданған шешім, ЕҚЫҰ Аустрия төрағалығы мен ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта комитетінің экономиканы жасылдандыру туралы декларация мен Еуразия Экономикалық Одағының Сыртқы істер министрлері қабылдаған ЕҚЫҰ аумағында өзара байланыстық пен интеграциялық процестердің ұштасуы туралы мәлімдеме екінші комитеттің жұмысына серпін беретінін мәлімдеді.

Бұл өз кезегінде Астана декларациясында белгіленгендей, Ванкувер мен Владивосток арасында қауіпсіздік қауымдастығын ілгерілету мақсатына сәйкес келеді.

Сондай-ақ биыл комитет жұмысында тұңғыш рет қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлықпен күрес, әйелдер мен жастардың экономикалық қатысуы мен су басқару мәселелеріне қатысты үздік тәжірибелермен бөлісу туралы ерікті баяндама жасау бастамасы енгізілетіні туралы айтылды.

Отырыс барысында ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің делегациялары комитет жұмысының басымдықтарына қолдау білдірді және экономика мен қоршаған орта мәселелеріне тең дәрежеде мән берілгенін атап өтті. Негізінен экономика мен қоршаған орта мәселелердің гендерлік және жастарға қатысты аспектілері, сыбайлас жемқорлықпен күрес, цифрлық экономика, адами капитал мәселелері оң бағаланды.

ЕҚЫҰ-дағы делегациялар, экономика және қоршаған орта өлшемінің әлеуеті мен өзара байланыстықты ілгерілету арқылы, Еуропадағы қауіпсіздік дағдарысын реттеу бойынша процеске өз үлесін қоса алатынына қатысты ортақ пікірде болды.

Қазақстанның баяндамасына қатысты қарымта сөз алған АҚШ, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Ватикан, Грузия, Еуропалық Одақ, Норвегия, Ресей, Түркия, Швейцария және Украина делегациялары Қазақстанның екінші комитеттегі төрағалығын жоғары бағалады және өз қолдауын білдірді.

Соңғы жаңалықтар