ЭКСПО-ның үздік волонтерлары марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесінде ең үздік еріктілерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтулы кеште жүзден астам белсенді волонтерлар әртүрлі санаттар бойынша марапатталды.

Оларға «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Өз сөзінде Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 еріктілерінің өз міндеттерін жоғары деңгейде орындағанын атап өтті.
null

«Волонтерлік қызмет көрмені табысты өткізудің маңызды факторына айналды. ЭКСПО-2017 аясында 8,5 мың адам іріктеліп алынды. Оның 5,5 мыңы көрме аумағында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың 2500-ден астамы - Астана қаласынан, 900 - Алматыдан және 1600 волонтер - өзге аймақтардан жиналды. Сондай-ақ, Ресей, Қытай, АҚШ, Бельгия, Италия, Польша, Моңғолия, Қырғызстан және өзге мемлекеттерден келген 150 шетелдік волонтер көрмеге өз үлестерін қосты. Еріктілердің орташа жасы - 19, ал ең үлкен волонтердің жасы 70-те. Дәл осындай 30  «алтын еріктілер» жұмыс істеді. Көрмедегі жұмыстары барысында көңілдері жарасқан 3 жұп шаңырақ көтерді», - деді Ахметжан Есімов.

Марапаттау рәсімі Әли Оқапов, Алмас Кішкенбаев сынды эстрада жұлдыздары мен волонтерлардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Еске сала кетсек, үш ай бойы Қазақстанның 16 облысынан және әлемнің 35 елінен келген волонтерлар күніне 8 сағаттан үш ауысыммен көрме қонақтарына қызмет етті.

Соңғы жаңалықтар