ЭКСПО қонақтары Астананың кептелісінде тұрып қалмауы тиіс - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелерін пысықтауға арналған кеңес барысында Астанадағы көлік кептелісін шешуді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Соңғы бес жыл болды, Астананы дамытуға арналған отырыстарда маған қалада ақылды бағдаршамдар орнатылатынын айтып келеді. Қайда ол бағдаршамдар? Біздегі көлік кептелісіне қараңыздар. ЭКСПО кезінде не болады? Адамдар миллиондап келеді. Кім саралады осыны? ЭКСПО маңыздылығын түсінесіңдер ме, біздің беделімізге не болады, меймандар көрмеде емес, көшеде - кептелісте тұрса?! Қазірден бастап, өзге қалалар қандай шаралар қолданатынын зерттеуіміз керек. Токио, Лондон, Еуропа қалаларындағы кептелістер қалай шешімін тауып жатыр. Сондықтан мәселені шешіңдер", - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, тиімді трафик пен тиімді қозғалыс жүйесі басқа қалалармен салыстырғанда, озық болуы тиіс.

"Ол үшін біз IVECO-ның 380 автобусын сатып алдық. Олардың әрқайсысы 120 миллион теңге тұрады. Қазір оларды жүргізетін адам жоқ екені анықталды. Біліктілігі бар жүргізуші жоқ. Дайындау және оқыту жұмыстарымен ешкім айналыспайды. Бұл осы автобустарды сатып алу келісімшарттарында көрсетілуі тиіс еді. Автобустарға қызмет көрсететін орталықтар жоқ", - деді Н. Назарбаев.

Өз кезегінде Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун бұл мәселе назардан тыс қалып кеткендігін мойындады.

"Расында, жүргізушілер бойынша жұмысты кезінде ескермедік. Қазір ол олқылықты түзетіп жатырмыз. Алғашқы 30 автобус келді, 200 жүргізуші оқытылды. Апта сайын 80 автобустан жеткізіліп отырады. ЭКСПО көрмесіне дейін 380 автобус толық елордада болады", - деді Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун.

"Қазір асығып, неше түрлі жүргізушілерді автобусқа отырғызып қоймаңдар, көшеде адам қағып жүрмесін. Осыны қолға ал!", - деді Президент Хорошунға қаратып айтқан сөзінде.

Соңғы жаңалықтар