ЭКСПО-ға 15 мың баланы жібереміз - Тоғжанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ЭКСПО көрмесіне мыңдаған баланы жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде жазғы демалыс шараларымен балалардың 100 проценті қамтылады. Олардың ішінде 75,2 проценті сауықтыру шараларымен қамтылса, 25 проценті - ата-аналарымен демалатын балалар. Оған тиісті қаражат бар. Сосын өткен жылмен салыстырғанда, ол қаражаттың көлемі 113 миллион теңгеге көбейді. Сондықтан демалыс шараларымен барлық балалар қамтылады. Бұнымен қатар, биыл Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесіне 15 мың бала жіберіледі», - деді Тоғжанов бүгін Үкімет отырысында.

Онлайн байланыс арқылы есеп берген облыс басшысы әскери-патриоттық лагерьлердің ашылғанын да жеткізді. Ол жерге 300 бала барады. Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен балалар туризмі қолға алынып отыр.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында жазғы каникулда балалардың демалысын, бос уақыты мен оларды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру мәселесі қаралды. Биыл 1-11 сынып оқушыларының саны 2 миллион 671 мың баланы құрап отыр. Олардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін республикада 14 мыңға жуық денсаулық лагерьлері мен алаңдар жұмыс істейді. Жазғы лагерьлер 1 миллион 655 баланы, яғни барлық оқушылардың 61 процентін қамти алады.

Соңғы жаңалықтар