ЭКСПО-да өз павильонын таза қазақ тілінде сөйлетіп қойған мемлекет ұлттық күнін атап өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Жапонияның ұлттық күні аталып өтті. Шара аясында осы елдің билері ғана емес, қазақтың «Қаражорғасы» да орындалды. Айта кеткен жөн, жапондықтар өз экспозицияларын толығымен мемлекеттік тілде сөйлетіп қойды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null
«Біз өз павильонымызды «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай етіп жасақтауға тырыстық. Ол жерде баламалы энергия және энергия үнемдеу саласындағы теxнологиялар мен тәжірибемен танысуға болады. Негізі, Жапония ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға бірден келіскен. Себебі ондай шаралар жасыл экономикаға көшу тәжәрибесімен алмасуға таптырмайтын алаң бола алады», - деді бүгінгі салтанатты шара барысында Жапонияның өндіріс, сауда және экономика министрі Хиросигэ Секо.
null 

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Жапонияның энергетикалық тиімділік жағынан озық он елдің қатарына кіретініні ерекше атап өтті. «Бұдан бөлек, Күншығыс елі Қазақстанның ірі инвесторы болып саналады. Соңғы 12 жылдың ішінде Жапония мемлекеті еліміздің экономикасына 5,5 млрд АҚШ долларын құйды. Қазіргі кезде машина жасау, тау-кен, агроөнеркәсіп, көлік-логистика және тағы басқа салаларда жалпы соммасы 1 млрд доллардан асатын 10 ірі жоба қолға алынды. Бұл әріптестік әлі де күшейе түседі деп сенемін. Қазақстанның бай шикізат қоры мен Жапонияның теxнологиялары екіжақты тығыз ынтымақтастықтың негізі болып саналады», - деп атап көрсетті Жеңіс Маxмұдұлы.

Жапонияның ұлттық күніне арналған шаралар концерттік шатырда және павильонның өзінде жалғасты. Жапондық дәстүрлi музыка шеберi Хидэки Тоги, ұлттық үрмелi және iшектi аспаптар орындаушылары өз өнерлерiн ортаға салды. Осыдан кейiн «Оsaka Parad» шеруi өттi. Ал павильонда жапондықтар өздерiнiң ұлттық биiмен қатар қазақтың «Қара жорға» биiн де орындады.
null 

Айта кетейік, Жапония павильонында интерактивті шоу-бағдарлама толығымен қазақ тілінде әзірленген. Сосын келушілерге барынша түсінікті болу үшін экспозициаларды үш залға бөліп қойған. Бірінші залда келушілерді павильонмен таныстырады және арнайы мобильді қосымшаны жүктеуге кеңес береді. Ал екінші зал кинотеатр үлгісінде жасақталған. Ол жерде жапонның жігіті баламалы энергияның маңыздылығын қазақ тілінде түсіндіреді. Үшінші залда осы саладағы теxнологиялармен танысуға мүмкіндік бар. Павильонда қонақтарды қарсы алып жүрген жапон қыздары да қазақ тілін үйреніп алыпты.

Соңғы жаңалықтар