ЭКСПО-да Иорданияның ұлттық күні аталып өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында Иордания Хашимит Корольдігінің ұлттық күні тойланып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ұлттық күннің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб Иордания үкіметінің энергия көздерін әртараптандыруды және энергетикалық дербестікке жетуді көздеп отырғанын жеткізді.

«Мемлекетіміздің энергетика саласындағы басты саясаты - мұнай импортына деген тәуелділікті шектеу, табиғи газдың үлесін арттыру мен оның рационалды қолданысын қамтамасыз ету. Иордания өз халқын қажетті энергиямен қамтамасыз етуде қыруар еңбек етіп келеді. Сондықтан, энергия көздерін әртараптандыру - Иордания үкіметінің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Ал ЭКСПО-2017 көрмесі - тұтас адамзаттың үздік инновациялық жетістіктерімен танысудың бірегей мүмкіндігі», - деді Ахмед Идрис Инаб.

Өз кезегінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев Қазақстан мен Иорданияның ынтымақтастықтың барлық салаларында тығыз қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Әсіресе, фармацевтика, энергетикалық және ауыл шаруашылығы салалары бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.

Шараның ресми бөлігі аяқталған соң, Ұлттық күн сахнасында Амман қаласы муниципалитетіне қарасты Иордания ұлттық фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. 1995 жылы негізі қаланған фольклорлық ансамбль 65 адамнан құралған, олар «Иорданиялық Дабка» атты ұлттық би билеп, «Ребаб», «Шебаб» ұлттық аспаптарында ән шырқайды.

Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимит Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 8 ақпанда орнатылды. 

Соңғы жаңалықтар