ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу салтанатында ерекше акция өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатында «Адам қуаты» деп аталатын ерекше акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты кеште Елбасыдан бастап қол ұстасқан қонақтар бір-біріне қуат беру арқылы Сфераға жарық сыйлады.

Кеш қонақтарынан бөлек, қол ұстасқан бір жарым мыңға жуық ерікті Конгресс-холлдан ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы - «Нұр әлемге» дейін сап түзді. Олардың кеуделеріндегі ЭКСПО-2017 көрмесінің басты бойтұмары да бірінен кейін бірі жанып, шарға жетті.

Бұл тізбектің 2 232 адамнан құралуында да үлкен мән жатыр - ЭКСПО-2017 көрмесі тұтас 2 232 сағатқа жалғасқан еді.

Тізбек соңында тұрған Көрменің басты кейіпкері - кішкентай балақай толассыз энергиямен қуаттанып, Сфераға қолын тигізген сәтте айнала жарқырап шыға келді. Бұл бірліктің, берекенің, сарқылмас қуаттың белгісін білдірсе керек. Осылайша, Астана аспанында Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» әуелеп, алып шарда бейнеленген бейбітшілік құсы көкке, күллі әлемге қанат самғады. Бұл - биікке талпынған жасампаз Қазақ елінің нышаны еді.

null 

Көрменің жабылу салтанатының ресми бөлігі аяқталып, Амфитеатрдағы мерекелік концертке ұласты. Онда DJ Timofei мен Нұрберген Махамбетов, Americano, Holliwood қатарлы топтар көрме меймандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Концерттік бағдарлама Амфитеатрда 21:00-23:10 аралығында ұйымдастырылады.

Сағат 22:00-де билеттердің сатылымы қайта жанданып, қалалықтар мен шаһар қонақтары түнгі 02:30-ға дейін көрмелерді аралай алады. Бұл уақыт аралығында халықаралық павильондар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынады.

Көрме кешеніндегі мейрамханалар мен тамақтану орталықтары да 22:00-ден 02:30-ға дейін жұмыс істейді.

Еске сала кетсек, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымында басталған болатын. Ондағы «Болашақ энергиясы» тақырыбы энергетика саласының қазіргі жаһандық мәселелерін қамтиды. Көрмеге баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Үш айда ЭКСПО-2017 көрмесіне 4 миллионға жуық қонақ келді.

null 

Көрме 11 қыркүйек күні сағат түнгі 03:00 кезінде жұмысын тоқтатады.

Соңғы жаңалықтар