ЭКСПО-2017 көрмесіне БҚО-дан 75 мыңдай адам бара алады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Батыс Қазақстан облысынан 50 мыңнан 75 мыңға дейін адамды қабылдай алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, осы кең ауқымды шарада волонтерлік қызмет атқару үшін 50 адам іріктеліп алынды. Олар үшін «Астана Экспо 2017» АҚ өкілдері арнайы семинар-тренинг өткізіп, сертификат берді. Сондай-ақ көрме кезінде, 4 тамыз күні Батыс Қазақстан облысының өнер шеберлері негізінен шетелдік көрермендер үшін үлкен гала-концерт қоятын болады.

Брифингке сондай-ақ ҚР Инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, «КазИИТУ» ғылым-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов қатысты.

Спикерлердің атап өткеніндей, ЭКСПО көрмесі ең озық жетістіктерді көрсетумен бірге әлемдік көшбасшылар мен сарапшылар көкейкесті мәселелерді талқылайтын бірегей алаң болып табылады.

Бірінші халықаралық көрме 1851 жылы Лондондағы Гайд-паркте мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коул мен принц Альберттің бастамасымен өткен. Адамзатты жетілдіру ұранымен өткен алғашқы көрменің басты жетістігі Джозеф Пакстонның темір мен әйнектен салған Хрусталь сарайы болды.

Атақты Эйфель мұнарасы да 1898 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне орайластырылып салынған. Бастапқыда сынға ұшыраған бұл құрылыс кейін Франция ғана емес, күллі Еуропаның бетке ұстар ғимаратына айналды.

Осылайша 65 көрме өтті. Әлемдегі бірінші телефон, автомобиль, шам, түрлі-түрлі теледидар, ұялы телефон, тіпті кетчупқа дейінгі бұйым-заттар ЭКСПО жемісі болып табылады.

null 

Елбасы саясаты мен беделі арқасында Қазақстанда алғаш рет өткізілгелі отырған әлемдік деңгейдегі шара мақсаты - жаңа, экологиялық жағынан таза қуат көздеріне көшу. Мысалы, көп ұзамай қуат өндіретін пайдалы қазба қорлары таусылады. Сол кезде қиындыққа ұшырамау үшін алдыңғы қатарлы елдер таза және инновациялық көздерді жарыса іздеуде. Олар үшін электр стансалары, жел және су диірмендері кешегі күннің жемісі болып есептеледі. Сондықтан Астанада болашағы мол технологиялар көрсетілетін болады.

Қуаттың негізгі көздері (ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық қуат), сондай-ақ Қазақстанның ұлттық  павильоны алдағы көрменің басты элементтерінің бірі болып табылады. ЭКСПО көрмесінде әлемнің 100-ден астам елі өз табыстары мен ұсыныстарын көрсеткелі отыр. Бір ғана Жапония 35 млн. доллар тұратын жабдықтарын әкелмек. Көрмеге Қазақстан өңірлерінен 5 млн. астам адам қонақ ретінде келеді деп жоспарлануда. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының тұрғындары да болмақ. ЭКСПО жұмыс тобымен 16 инновациялық жоба таңдалып алынды. Әр жобаға FULL HD форматында үш тілде бейнеролик әзірленді.

Соңғы жаңалықтар